Мүліктің меншік иелері бірлестігін тіркеу процесінде eGov Mobile қосымшасын қолдану ұсынылды
Жылжымайтын мүлік иелерінің қордаланған мәселелері қаралған шараға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова қатысты.
Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі мен Цифрлы үкіметті қолдау орталығының, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен IT компаниялардың өкілдері де пікір білдірді.
Шара барысында қазір ММИБ-ке ауыспастан бұрын, алдымен арнайы коммерциялық емес ұйымдарды тіркеп, дауыс беруге арналған мобильді қосымшаларды әзірлеу және пәтер иелерінің тізімдерін жасақтап, сауалнама парақтарымен дауыс беру хаттамаларын дайындауға байланысты тетіктерді жетілдіріп, басқа да өзекті мәселелерді шешуге күш салу қажеттігі айтылды.
Жиынның қорытындысы бойынша дауыс беруді өткізу және мүліктің меншік иелерінің бірлестігін тіркеуді бірізге түсіру үшін eGov Mobile мобильді қосымшасын пайдалану ұсынылды.