Мүмкіндігі шектеулі 85 астаналық спорт клубына қабылданды
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Қаңтар айында мүмкіндігі шектеулі 85 астаналық азамат «Қайсар» спорт клубының сауықтыру топтарына қабылданды.
Бұдан былай, «Балам-ай» қоғамының, Қазақ зағиптар қоғамының астаналық филиалының, ҚР Мүгедектер конфедерациясы жанындағы бейімдеу орталығының көздері нашар көретін және мидың сал ауруына шалдыққан СПОДА мүгедектері тәжірибелі нұсқаушылар мен жаттықтырушылардың басшылығымен жүзу секцияларына барады. Бұл туралы Астана қаласының ресми сайты Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
«Біз үнемі мүмкіндігінше көп адамды спортқа баулуға тырысып келеміз. Әдетте сауықтыру топтарына келетіндер спортпен кәсіби түрде шұғылдануды жалғастырып, негізгі топқа өтеді. Біз үшін мұның өзі үлкен жетістік. Біздің спортшыларымызды үнемі қолдап отырғаны үшін қала әкімдігіне алғыс білдіреміз», - деді «Қайсар» СК директоры Аллаберген Алдоңғаров.
Өткен жылы он жылдығын атап өткен «Қайсар» спорт клубы еліміздегі мүгедектерге арналған алғашқы спорт клубы болатын. Бүгінгі таңда ол мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік бейімдеуге көмектесетін сенімді мекеме болып отыр. Клуб жаңа спортшыларды қалыптастыруға белсенді атсалысып келеді. Қазіргі кезде спорттық-сауықтыру топтарында спорттың 10 түрі бойынша 320 спортшы жаттығады, оларды біліктілігі жоғары 14 маман жаттықтырады. «Қайсардағы» спортшылардың басым бөлігі жүзумен, стол теннисімен және футболмен айналысады. Өткен жылы бесікарбада билеу бойынша топ ашылған болатын. Ашылғаннан кейін көп өтпей-ақ, ел чемпионатына қатысқан астаналық бишілер жүлделі орындарға ілікті.