Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер сыйлықтар алды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Жаңа жыл қарсаңында Қызылорда облысында мүмкіндігі шектеулі 8 бастауыш кәсіпкерге демеушілік көмек көрсетілді, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі «Даму» қорына сілтеме жасап.
Демеушілік көмек «Даму» қорының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында табысталды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға бизнесмен Бауыржан Махмутов, «Ай-Диас» ЖШС директоры Айнұр Бермағанбетова, ЖК «Шерхан и К» және ЖК «АзияЭкспресс» компаниялары қолдау көрсетті.
Байқоңыр қаласының тұрғыны Айшолпан Қайдаулова 4 жыл бұрын бірінші топтағы мүгедек атанған. Алайда мүгедектік арбасына таңылғанына қарамастан жас қыз үйінен шағын бизнес аша алды. Айшолпан тапсырыс бойынша мерекелер мен салтанатты кештерге арналған түрлі астар мен тәтті тағамдар пісіруде. Кәсіпкердің сөзінше, тапсырыспен үйден түрлі тағамдар дайындау бизнесі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өте тиімді және түсетін табыс та жаман емес. Кәсіпкерлігін кеңейту мақсатында Айшолпан Қайдаулова «Даму-Көмек» бағдарламасымен жәрдем алу үшін «Даму» қорына жүгінді. Оның жобасын табысты бизнесвумен Айнұр Бермағанбетова қолдап, кәсіпкерге электрлі және микротолқынды пешті сыйға тартты.
Сағатбек Сиюов екінші топтағы мүгедек. 25 жастағы жігіт 2013 жылы көлік апатына түскеннен кейін мүгедек арбасына таңылған. Университетте бағдарламашы мамандығын игерген Сағатбек IT-бағытында бизнес бастауға ниет білдіріп отыр.
«Үйдің тұңғыш ұлы ретінде артымнан ерген кіші інім мен қарындасыма үнемі қолдау көрсетуім қажет. Мамандық бойынша жұмыс табылмағандықтан, өз бизнесімді үйден компьютерлік қызмет көрсетуден бастауға шешім қабылдадым. Болашақта өзімнің IT-компаниямды ашамын деген мақсатым да жоқ емес. Мен «Даму» қорына көмек алу жөнінде өтініш бергенмін, ал бүгін маған ноутбук сыйлап отыр. Осы орайда аталмыш Қорға және бизнесмен Бауыржан Махмутовқа көрсеткен көмектері үшін алғыс білдіремін», - дейді Сағатбек.
Соңғы үлгідегі тігін машинасы бірінші топ мүгедегі Несібелі Мүслімоваға табысталды. 25 жылдық тәжірибесі бар маманның www.damu-komek.kz сайтында қалдырған өтінішіне ЖК «АзияЭскпресс» компаниясы жауап қатты. Несібелі Мүслімова өзінің мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан, қолөнермен айналысып ақша табуды үйренген. Жаңа тігін машинасына ие болған кәсіпкердің ендігі жоспары үйден түрлі өнімдер мен киім-кешектерге тапсырыстар қабылдау.
Сондай-ақ, демеушілік көмекке Жанат Қарақожаева (I топтағы мүгедек), Назерке Ізмаханова (III топтағы мүгедек), Жансая Дүйсеманова (III топтағы мүгедек), Айзат Абсадықова (II топтағы мүгедек) және Эльмира Ақмырзаевалар ие болды.
Жыл басынан «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі 30 бастауыш кәсіпкерге қолдау көрсетілді.