Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы бүкіләлемдік ислам ойындарында қазақстандықтар 38 елдің ішінен 6-орын алды

АЛМАТЫ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Біріккен Араб Әмірлігінің Шарджа қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы бүкіләлемдік ислам ойындарына қатысқан қазақстандықтар елге оралды.

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы бүкіләлемдік ислам ойындарында қазақстандықтар 38 елдің ішінен 6-орын алды

Олар бұл дүбірлі додада тұңғыш рет бақ сынап отырғанына қарамастан 38 елдің арасынан жалпы командалық есепте 6-орын алды. Қазақстандықтар жеңіл атлетика мен суда жүзу спорт түрлері бойынша қатысқанына қарамастан ел қоржынына 7 алтын, 9 күміс, 7 қола медаль салды.

Геннадий Оничко жаттықтыратын жеңіл атлеттер арасынан алматылық 2 спортшы жүлдегер боп қана қоймай, паралимпиада ойындарының нормативтерін орындап 2012 жылы Лондонда өтетін паралимпиада ойындарының жолдамасын жеңіп алды. Атап айтқанда диск лақтырудан екінші, найза лақтырудан үшінші орын, ал ядроны лақтырудан 11, 43 метрді бағындырып, паралимппиада нормативін орындаған Равиль Мансурбаевты БАӘ королі марапаттады. Ал екінші жолдамаға алматылықтар сапынан ұзындыққа секіруде паралимпиада нормативінен 32 см. артық нәтижеге қол жеткізген Аманат Қалқаев ие болды.