Мүмкіндігі шектеулі жастар арасында республикалық өнер байқауы өтеді
АЛМАТЫ. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Жанна Шамова/ - Бүгін Алматыда «Біз сіздермен біргеміз» продюсерлік орталығы 18-бен 25 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жастар арасында өнер байқауын өткізетінін мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сайыстың басты мақсаты - әдебиет, музыка, қолөнер сияқты тағы басқа өнер түрлері бойынша мүмкіндігі шектеулі дарынды жастарды тауып, қолдау көрсету және оларды бүкіл елге насихаттау. Онда өнері үздік деп табылып 1-3 орын алған үміткерлерге бағалы сыйлықтар табыс етіледі. Сондай-ақ 5 өнерпаз «Біз сіздермен біргеміз» деп аталатын концертте өнер жұлдыздарымен бірге үлкен сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік алады», дейді байқауды ұйымдастырушылардың бірі және аталмыш орталықтың жетекшісі Ұлан Мұсаев. Оның айтуынша, байқауға үміткерлерді тіркеу рәсімі 2010 жылғы ақпанның 1-іне дейін созылады. Ал оның қорытындысы 2010 жылы ақпанның 27-сінде «Біз сіздермен біргеміз» продюсерлік орталықтың құрылған күні белгілі болады. Жалпы бұл байқауға қатысты толық ақпаратты мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған айына 2 рет шығатын «Біз сіздермен біргеміз» деп аталатын республикалық басылымынан білуге болады.