Мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға кеткен шығын қалай өтеледі
АСТАНА. KAZINFORM – «Мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік қызметі проактивті форматта қолжетімді болмақ. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлімдеді.
Ведомство аталған шығын түрі бойынша өтемақы бала мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етілмеген жағдайда отбасының табысына қарамастан ата-ананың біріне берілетінін атап өтті.
Бұған дейін аталған мемлекеттік қызметті алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалына барып немесе eGov порталына өтініш жазу қажет болатын.
Енді мобильді азаматтар базасында телефон нөмірін тіркеген жағдайда қызметті 1414 нөмірінен тек бір SMS-ке жауап беру арқылы алуға болады.
Мемлекеттік қызметті проактивті көрсету процесі мүгедектігі бар баланы үйде оқыту туралы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен мәліметтер келіп түскен кезде автоматты түрде басталады.
Келісім алғаннан кейін жүйе көрсетілетін қызметті алушының деректерінің мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларының талаптарына сәйкестігін тексереді. Оның нәтижесі бойынша төлем тағайындау немесе бас тарту туралы шешім қабылданады.
Тағайындалған қаражат хабарламаға жауап беру кезінде көрсетілетін қызметті алушы көрсеткен банк шотына аударылады.
Осылайша, проактивті формат қазақстандықтарға үйден шықпай-ақ және көп уақыт жұмсамай-ақ қажетті қызметті алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал етеді.