Мүмкіндігі шектеулі балаларға төленетін жәрдемақы мөлшері артты
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мүмкіндігі шектеулі балаларға төленетін жәрдемақы мөлшері артты. Бұл туралы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы Асқар Аймағанбетов хабарлады.
— Мүмкіндігі шектеулі баланы бағып отырған ата-анаға төленетін жәрдемақы 81 871 теңге болды. Ал балаларға төлем мөлшері жасына және мүгедектік тобына байланысты тағайындалды: 7 жасқа дейінгі балаларға – 81 871 теңге, 7–18 жас аралығындағы І топтағы балаларға – 111 873 теңге, ІІ топқа – 93 058 теңге, ІІІ топқа – 81 871 теңге, — деді Асқар Аймағанбетов Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ол ата-аналарға қосымша төлем де берілетінін атап өтті.
Мысалы, 7 жасқа дейінгі баласы бар отбасы ай сайын жалпы 163 742 теңге алды, оның ішінде баланың өзіне және оны бағып отырған ата-анаға төлем кіреді. І топтағы 7–18 жас аралығындағы баласы бар отбасының төлемі 193 742 теңгеге жетті, ал ІІ топтағы балалар үшін ай сайынғы төлем 174 929 теңгені құрады.
— Бұл өзгерістер мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған, — деді департамент басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін мүмкіндігі шектеулі адамдардың Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 111 мыңнан астам қызмет алғанын жазған едік.