Мұнай бағасы 130 долларға жетсе, Қазақстан ұтады - ХВҚ

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл еліміздің экономикасының өсімі 5,5 пайызға дейін жетуі мүмкін. Ұлттық банк ішкі сұраныс пен инвестициялық белсенділіктің артуын экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші деп бағалап отыр. Ал Халықаралық валюта қоры мұнай бағасы 2027 жылы барреліне 130 долларға дейін көтерілген жағдайда Қазақстан сияқты мұнай экспорттаушы елдер бұдан пайда көруі мүмкін екенін айтады.

5 қарашада әлемдік мұнай бағасы төмендеді
Фото: Kazinform\ЖИ

Халықаралық валюта қорының Кавказ бен Орталық Азия бойынша өңірлік экономикалық шолуын таныстыру рәсімінде сөз сөйлеген Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,2 пайызға өскен. Экономикалық өсімге негізінен өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салалары үлес қосқан. Ал тау-кен өндіру секторын есепке алмағанда, ЖІӨ өсімі 5,4 пайызды құрады.

– Сауда саласындағы тұрақты өсім мен инвестициялық белсенділіктің кең ауқымды сипат алуы ішкі сұраныстың орнықтылығын сақтауға ықпал етті. Жыл қорытындысы бойынша экономикалық өсім 4,5-5,5 пайыз деңгейінде болады деп күтіп отырмыз, – деді Ақылжан Баймағамбетов.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары инфляцияның да баяулап келе жатқанын атап өтті. Оның мәліметінше, қазан айында жылдық инфляция 9,2 пайызға дейін төмендеген. Алайда бағаның негізгі өсу қысымы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.

Осыған байланысты Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені 15,75 пайызға дейін төмендету туралы шешімі ақша-кредит саясатының бірқалыпты қатаң жағдайларын сақтауға бағытталған.

– Біздің шешімдеріміз экономикалық деректерге негізделеді. Бұл ретте инфляцияны 5 пайыздық нысаналы деңгейге қайтаруға басымдық береміз, – деді ол.

Инфляцияға сыртқы факторлар әсер етеді

Ақылжан Баймағамбетовтің пайымынша, жаһандық ұсыныс тізбегіндегі іркілістер, энергия ресурстары мен көлік шығындарының өсуі, сондай-ақ геосаяси шиеленістер инфляцияға бірнеше бағыт бойынша ықпал етіп отыр.

Оның пікірінше, мұндай жағдайда орталық банктің тәуелсіздігі, мемлекеттік қаржының орнықтылығы және қаржы нарықтарының дамуы инфляциялық қысымды шектеуде маңызды рөл атқарады.

– Азық-түлік, энергия ресурстары мен көлік шығындарының бастапқы өсуі басқа тауарлар мен қызметтердің бағасына, сондай-ақ инфляциялық күтулерге таралуы мүмкін. Сондықтан мұндай әсерлерді шектеу үшін орталық банктің тәуелсіздігі мен мемлекеттік қаржының орнықтылығы маңызды, – деді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ ол Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасының маңызын атап өтті. Бағдарлама ақша-кредит және бюджет саясатының үйлесімділігін арттырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Орта дәліздің мүмкіндігі кеңейіп келеді

Баяндаманың тағы бір маңызды бағыты – сауданы әртараптандыру. Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, жаңа нарықтар мен көлік байланыстарын дамыту өңір елдерінің сыртқы күйзелістерге тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.

Бұл ретте Қазақстан Орта дәлізді қоса алғанда, балама көлік бағыттарын дамытуға, теміржол және логистикалық инфрақұрылымның өткізу мүмкіндігін кеңейтуге басымдық беріп отыр.
– Көлік-логистика инфрақұрылымына инвестиция салу өзара байланысты нығайтуға, сауданы жеңілдетуге және бизнестің өңірлік әрі жаһандық нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді, – деді ол.

Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасының орынбасары тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу үшін кәсіпорындарға бәсекеге қабілетті бизнес ортасы, білікті мамандар және сенімді инфрақұрылым қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, өнімділікті арттыруға және ресурстарды тиімді бөлуге бағытталған құрылымдық реформалар жаңа салаларды дамыту мен экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту үшін маңызды.

Ақылжан Баймағамбетов баға тұрақтылығы инвестиция тартуға және бизнесті ұзақ мерзімге жоспарлауға жағдай жасайтынын, ал өнімділігі жоғары әрі әртараптандырылған экономика сыртқы күйзелістерге төтеп беруге қабілетті болатынын атап өтті.

ХВҚ мұнай бағасына болжам жасады

Халықаралық Валюта Қорының Таяу Шығыс және Орталық Азия департаменті директорының көмекшісі Роберто Кардарелли өңір елдеріндегі инфляция көрсеткіштері әртүрлі қалыптасқанын айтады.

- Кейбір мемлекетте инфляция төмендеді. Қазақстан – соның бірі. Өзбекстанда да осындай үрдіс байқалады. Ал басқа елдерде инфляция өсті. Бұған сауда жағдайының өзгеруі, энергия бағасының жоғарылауы әсер етті. Жылдың белгілі бір кезеңінде азық-түлік бағасы да артты. Бірақ соңғы уақытта бұл қарқын қайта баяулап келеді, - деді ол.

Сарапшы өңір елдеріндегі инфляцияның әртүрлі болуына не себеп болып отырғанына да тоқталды. Оның пайымынша, бірінші фактор – ақша-кредит саясатының бағыты. Соңғы айларда Қазақстан ақша-кредит саясатын салыстырмалы түрде қатаң жүргізу есебінен инфляция төмендеген елдердің қатарына қосылды.

- Екінші фактор – валюта бағамының өзгеруі. Әсіресе импорттық инфляцияның ішкі бағаға берілуіне валюта бағамының динамикасы әсер етеді. Өңірдегі көптеген елдің ұлттық валютасы нығайды. Мәселен, Қазақстанда номиналды тиімді айырбас бағамы ең көп нығайған елдердің бірі болды. Бұған мұнай бағасының жоғарылауы және қаржы ағындарының тұрақты түсуі ықпал етті. Жалпы, валюта бағамының нығаюы өңірдегі көптеген елге ортақ құбылыс болды.

Бұл сауда жағдайының өзгеруі мен энергия бағасының өсуі, әсіресе мұнай импорттаушы елдерде инфляцияны біз күткендей жоғары деңгейге жеткізбеуіне әсер еткен болуы мүмкін, - деді сарапшы.

Сондай-ақ ол экономикалық болжам мен оған төнетін тәуекелдерге тоқталып, мұнай бағасы салыстырмалы түрде жылдам төмендейтіндігін айтады.

- 2026 жылы мұнайдың орташа бағасы барреліне 96 доллар, ал 2027 жылы 86 доллар болады деп болжап отырмыз. Бұл болжам Парсы шығанағындағы қақтығыс бәсеңдеп, 2027 жылы энергия өндірісі мен саудасы қалыпты жағдайға оралады деген есепке негізделген. Азық-түлік бағасына келсек, оның өсуі байқалды. Парсы шығанағындағы іркілістер тыңайтқыш тапшылығына әкелді, - деді ол.

Роберто Кардареллидің пайымынша, мемлекеттер арасындағы соғыстар мен қақтығыстар ұзаққа созылса, мұнай бағасы 130 долларға дейін өсуі мүмкін. Мұндай жағдайда мұнай өндірісі тәулігіне тағы 4 миллион баррельге қысқарады.

- Осылайша, өндірістің қақтығысқа дейінгі деңгейге оралуы кейінге шегеріледі. Ал мұнай бағасы барреліне 86 доллардан әлдеқайда жоғары болады. Модельдеу нәтижесіне сәйкес, 2027 жылы мұнай бағасы барреліне 130 долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл жалпы өңір экономикасына, негізінен Парсы шығанағы елдеріне кері әсерін тигізеді. Ал Қазақстан сияқты мұнай экспорттаушы Кавказ және Орталық Азия елдері үшін мұндай сценарийдің әсері оң болуы мүмкін. Олар мұнай бағасының өсуінен пайда көреді. Керісінше, мұнай импорттаушы мемлекеттер зардап шегеді. Сонымен қатар барлық елде инфляция базалық болжаммен салыстырғанда шамамен 1 пайыздық тармаққа жоғары болады, - деді ол.