Мұнай бағасы, Еуроодақтың сауда саясаты – Трамп Давоста не айтты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО-ға мүше елдерден қорғанысқа бөлетін қаражатты жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін көтеруді талап етті. Бұл туралы Kazinform агенттігі Еuronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Еуроодақ пен НАТО-ға сәлем
Давостағы Дүниежүзілік экономика форумы – Дональд Трамптың Ақ үй басшылығына қайтып келгеннен бері қатысқан алғашқы ірі халықаралық шарасы. Бейнеконференцияда сөз сөйлеген АҚШ басшысы Еуропадағы одақтастарынан қорғанысқа арналған шығынды көбейтуді талап етті. Дегенмен, ол Украинадағы соғысты тоқтатудың басты тетігі мұнай бағасын түсіру амалы бола алатынын айтты.
Сондай-ақ ол қосылған құнның ғаламдық тізбегінен елеулі үлес алып отырған алпауыт өндірушілерге өндірістерін қайтадан АҚШ аумағына шоғырландыру керектігін қайталап еске салды. Оның бұл тұрғыдағы тезисі «Америкада өндір, әйтпесе, баж төле» деген қағидатқа саяды.
Айтуынша, АҚШ аумағында тауар өндіретін компаниялардың корпоративтік табыс салығы 21%-дан 15%-ға түсірілмек.
АҚШ президенті Еуропалық одақтың инвестиция тарту ісінде бюрократияға белшесінен батқанын, сауда саясатында америкалық өндірушілерге әділетсіз қарайтынын сынады.
- Еуроодақ біздің ауылшаруашылық өнімдерімізді қабылдамай отыр. Біздің автомобильдерді де қабылдамайды. Сөйте тұрып бізге миллиондаған көлігін жөнелтіп жатыр, - деді ол.
Д.Трамптың пайымдауынша, жылдар бойы Еуропалық Одақ пен АҚШ арасында теңгерімсіз сауда байланысы орнаған.
Ақ үй басшысы НАТО-ға мүше елдердің қорғанысқа жұмсайтын қаражаты жалпы ішкі өнімінің 2 пайызына тең болу керек дейтін меже де аз деп ойлайтынын қадап айтты.
- Мен НАТО елдерінен қорғанысқа жұмсайтын шығындарын жалпы ішкі өнімнің 5%-ына дейін көтеруді сұрамақпын. Негізі көп жыл бұрын осылай істеу керек болған, - деді ол.
Украина мәселесі
Дональд Трамп Украинадағы соғыс туралы айтқанда мұнай бағасына ерекше тоқталды.
Мұнай бағасын түсіру үшін Сауд Арабиясы мен ОПЕК ұйымына қысым жасауға уәде берді. Бұл жоспарын соғысты тоқтатын басты күш әскери көмек емес, экономикалық шара бола алатынымен байланыстырды.
- Мен жақын арада Ресей президенті Владимир Путинмен кездескім келеді, - деді АҚШ президенті.
Д.Трамп келіссөз қандай шарттар аясында өтетінін нақтыламаса да «Украина мәмлеге дайын», - дегенді айтты.
Екі күн бұрын ол Ресейді Украинадағы әскери қақтығысты тоқтату жөнінде келіссөздер жүргізуге шақырып, дипломатия қажет екенін айтқан болатын.
Еуропа газды кімнен алады
АҚШ президентінің айтуынша, Американың сұйытылған табиғи газ экспортын қысқарту туралы жоспары Еуропаға кесірін тигізбейді.
- Мәмле жасаймыз десек, жасаймыз – сұрағандарыңызды аласыздар, - деді ол TotalEnergies-тің бас директоры Патрик Пуяннеге қаратып.
Осыған дейін Трамптың миграциялық саясаты Қазақстанға қалай әсер ететіні туралы сраапшылардың пікірін берген едік.