Мұнай бағасының өсуі қысқа ғана уақытқа созылуы мүмкін - сарапшы

Асқар Исмаилов
Фото: Асқар Исмаиловтың жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Таяу Шығыстағы кез келген қақтығыс мұнай бағасының өсуіне түрткі болады. Осы орайда, мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов пікір бөлісті.

«Бұл – мұнай бағасының нарықтық механизмдерге қатысы жоқтығын көрсететін әдеттегі жағдай. «Психономика» деген термин бар, яғни, мұнай бағасы тұтынудың өзгеруіне емес, ақпараттық ағынға әсер етеді. Сондықтан біраз уақытқа баға «секіреді», – деді ол.

Оның пікірінше, мұнай бағасының одан әрі төмендеуі бірнеше факторға байланысты:

  • қақтығыс аяқталса
  • қақтығыс баяу фазаға түссе
  • жаһандық өндіріс өссе
  • доллар әлемдік валюта қоржынына қатысты қымбаттаса (мысалы, Федералды резервтік жүйе мөлшерлемелерді көтерсе).

«Қысқа мерзімде бағаның көтерілуі Қазақстан үшін тиімді. Бұл бюджетті шетел валютасымен толықтыруға мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді перспективада мұнай бағасының өсуі экономиканың көлікпен байланысты барлық салаларында өсімге әкеледі. Ал бұл өз кезегінде барлық нарықта бағаның өсуіне себеп болады. Металл, тамақ, жеңіл өнеркәсіп және т.б. Барлық баға өседі, өйткені өнімнің өзіндік құнының тұтынылатын бөлігі артады», - деп түсіндірді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар