Мұнай бағасының өсуі теңге бағамына әлі толық әсер етпеді — сарапшы

эксперт
Фото: diapazon.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығындағы жетекші сарапшы Зарина Скрипченко мамыр айында теңге бағамына қай факторлар ықпал ететінін түсіндірді.

Сарапшының айтуынша, мамыр айында ұлттық валютаны қолдауға Қазақстанның сауда балансының жақсаруы әсер етуі мүмкін.

Мәселен, 2024 жылдың бірінші тоқсанында былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда сыртқы сауданың оң сальдосы 9 пайызға нығайып, импорт көлемі азайған. 

«Кейінгі кездегі мұнай бағасының өсуі ұлттық валюта бағамына әлі де толық әсер еткен жоқ. Себебі экспорттаушылардан елге валюталық түсімдердің аударымында операциялар толық аяқталмаған», — деп түсіндірді Зарина Скрипченко.

Оның пайымынша, Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алуға мүдделі шетелдік инвесторлардан теңгеге сұраныс артуы мүмкін.

Ұлттық банктің мәліметінше, бірінші тоқсанда бейрезиденттердің салымдары 443 млн АҚШ долларына өсті.

Мамырдың аяғында теңгенің дәстүрлі нығаюы тоқсандық салық салу кезеңімен байланысты болуы ықтимал.

Атап айтқанда, 27 мамырға дейін бюджетке корпоративтік табыс салығы, рента салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және басқалары төленуі тиіс. 

Бұл ретте, доллар-теңге валюта жұбының одан әрі төмендеуі әлеуетін сыртқы факторлар шектеуі мүмкін.

Соның ішінде мұнай бағасының құбылмалығы және Федералдық резервтік жүйенің қатаң саясатына жауап ретінде АҚШ доллары индексінің өсуі әсері бар. 

«Жазғы демалыс маусымының басталуы мен мамыр айындағы ұзақ демалыс күндері қазақстандықтардың шетел валютасына деген сұранысын арттыруы мүмкін» — дейді сарапшы.

Бұған дейін сарапшылар теңгенің нығаю себебін атаған еді.

Биыл сәуірде теңге бағамы 1,1 пайызға, яғни 1 АҚШ доллары үшін 442,05 теңгеге дейін нығайды.

Соңғы жаңалықтар