Мұнай бағасы барреліне 100 долларға жете ме
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сонау 60-жылдың қыркүйек айында Бағдатта Иран, Ирак, Кувейт, Сауд Арабиясы және Венесуэла елдерінің бастамасымен құрылған ОПЕК ұйымының қатары бүгінде 13 елге жетіп отырғаны белгілі. Таяуда ғана әлемдік нарыққа шығатын мұнайдың үштен бірін беретін осы ОПЕК мүшелері Алжирде бас қосып, 2016 жылдың қарашасынан бастап мұнай өндіру көлемін қазіргі 33,2 млн. баррельден 32,5 млн. баррельге дейін төмендету туралы келісімге қол жеткізген еді.
Тіпті, ұйымға мүше Сауд Арабиясы мұнай өндіру қарқынын тоқтатып қана қоймай, оны төмендетуге де қауқары жететіндігін ашық айтқан-ды. Айтып қана қоймай, бұл ел өткен апта ішінде мұндай өндіру көлемін 0,6 пайызға қысқартты да. Әлемдік мұнай нарығының 10 пайыздық үлесіне ие Ресей де бұл ұсынысты қолдап отыр. Жалпы, бүгінде әлемдік нарыққа бір тәулікте шығарылатын мұнай көлемі 95,9 млн. баррельді құраса, сұраныс одан 0,3 млн. тоннаға кем. Дегенмен, мұнайға деген сұраныстың жыл басынан бері 0,1 пайызға артқаны, ал ұсыныстың 1,5 пайызға азайғаны байқалады. Бұл ретте жыл басынан бері Ресей мұнай өндіру көлемін 1,8, АҚШ 8, Қытай 10, Венесуэла 6,6 пайызға төмендеткендігін айта кеткен жөн. Міне, осындай жайттардың арқасында Brent маркалы мұнайдың бағасы Caelus Energy энергетикалық компаниясының Аляскада алдын ала бағалау бойынша қоры 1,8-2,4 млрд. баррель болатын ірі мұнай-газ кен орнының ашылғандығы туралы ақпараттың тарағандығына да қарамастан біртіндеп көтеріліп келеді. Мәселен, өткен аптада қара алтын бағасы 5,8 пайызға өсіп, барреліне 51,9 долларды құрады.
Дизель бағасы қашан тұрақтайды?
Қазақстанда да мұнай өндіру көлемі баяулауда. Өткен аптаның қорытындысына сәйкес мұнай өндіру көлемі 1 пайызға кеміп, тәулігіне 1,580 млн. баррельді құрады. Бұған Қарашығанақ кен орнынан мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемін төмендету себеп болып отыр. Дәл осы себеппен газ өндіру көлемі де өткен аптада 1,7 пайызға азайып, 132,5 млн. текше метр болды. Айта кетерлігі, осы айдың соңында іске қосылуы күтіліп отырған Қашағаннан алдағы уақытта тәулігіне 75 мың тонна мұнай өндірілмек. Нәтижесінде жыл соңына қарай Үкімет тарабынан мұнай саласын қолдау шараларының арқасында мұнай өндіру көлемінің жоспары 74 млн. тоннадан 75 млн. тоннаға дейін жеткізіледі деп күтілуде.
Еліміздің үш жетекші мұнай өңдеу зауытындағы мұнай өңдеу көлемі де апта ішінде аздап қысқарып, тәулігіне 335,7 мың баррельге дейін төмендеді. Ал, жалпы жыл басынан бері мұнай өңдеу көлемі 43,8 пайызға өскендігін атап өткен орынды. Естеріңізде болса, қыркүйектің 26-сы күні Павлодар мұнай өңдеу зауыты жаңғырту жұмыстарынан кейін өзінің толыққанды өндірістік қуатына шыққан болатын. Алайда, осы айдың 20-сынан кейін «ПетроКазахстан Ойл Продактс» компаниясын жаңғырту басталмақ.
Өткен апта қорытындысында елімізде негізгі мұнай өнімдері бағасының айтарлықтай қымбаттағаны байқалады. Мәселен, дизель отыны осымен екінші апта қатарынан қымбаттап келеді. Бүгінде республика бойынша орташа есеппен литріне 126,8 теңгені құрап отыр. Ал дизель отының ең жоғары бағасы Астана мен Алматы қалаларында және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Бұл өңірлерде олардың литрі 128,5-129 теңгенің аралығында. Мұндай өсіміне маусымдық жұмыстардың басталуы себеп болғаны анық. Оған қоса, осыдан 2 айдан астам уақыт бұрын еліміздің Энергетика министрлігі дизель отыны бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартқан болатын. Республика бойынша АИ-80-нің литрі өткен аптада 0,6, ал АИ-92 бензині 0,5 пайызға қымбаттады.
Мұнай бағасы барреліне 100 долларға жете ме?
ОПЕК елдерінің мұнайды өндіру көлемін қысқарту туралы келісімге келуі әлемдік нарықтағы артық қара алтыннан арылып, оның бағасын тұрақтандырып қана қоймай, көтере түсетіндігі сөзсіз. Жалпы, бүгінде алпауыт мұнай компаниялары мен инвестициялық институттардың мұнай бағасының алдағы тағдырына қатысты пікірі ала-құла. Мәселен, Westpac Banking Corp, Itau Unibanco Holding SA, Societe Generale SA, Emirates NBD PJSC, Capital Economics Ltd, Citigroup Inc, Barclays PLC сынды компаниялардың 2019 жылды қоса алғандағы болжамына сәйкес, алдағы үш жылда мұнай бағасы барреліне 70 доллардан аспақ емес. Ал National Australia Bank Ltd, Norddeutsche Landesbank Girozentrale сынды инвестициялық институттар 100 долларға жететіндігіне сенімді.
Бір анық нәрсе, алдағы уақытта мұнай бағасының көтерілуі ОПЕК-тің әрекетіне тікелей байланысты. Егер, ұйымға мүше елдер келісім шарттарын сақтап, осы жылдың қарашасынан мұнай өндіру көлемін төмендетсе, онда қара алтынның құны арта түсетіндігі анық.