Мұнай бағасы геосаяси жағдайларға өте тәуелді - Үкімет басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кірістердің бөлігінің 45 пайызы негізінен мұнай саласынан келіп түсетін қаржыға тиесілі. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті. Мәжілісмендер «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жұмысымызды бастамас алдында, яғни бір сағат бұрын мұнайдың бағасы 46 доллар болса, ал қазір АҚШ-тағы президенттік сайлау қорытындысы кезінде қазір баға 44 долларға түсіп отыр. Атап айтқанда, мұнай бағасы геосаяси жағдайларға өте тәуелді. Бұған қоса, Ирактағы, Сириядағы болып жатқан жағдайлар да әсерін тигізіп жатыр. Өздеріңіз бүгінгі талқылауға салып отырған үш жылдық бюджетке қарайтын болсақ, онда кірістер бөлігінің 45 пайызы негізінен мұнай саласынан келіп түсетін қаржыға тиесілі. Сол себептен, біз бюджетті жобалаған кезде мұнай және металл бағасына сақтықпен қарап отырмыз. Алайда, Елбасының тапсырмасы бар, осыған сәйкес бұндай жағдайға қарамастан, халықтың алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер толық қалпында сақталады»,-деді Үкімет басшысы.
Б. Сағынтаевтың сөзіне қарағанда, экономикамыздың 27 пайызы «көлеңкелі» және оны осыдан шығару үшін тиісті қадамдар атқарылуда.
Сонымен қатар ол Ұлттық қордың жаңа тұжырымдамасы дайындалып жатқанына тоқтала келе: «Ол жақын арада әзірленеді. Бұл жерде Ұлттық қор қаржысын жұмсап қана қоймай, жоспарлаудың жаңа жолы ескеріледі»,-деді.