Мұнай бағасы қайта $100 болмайды - РФ Энергетика министрі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Энергетика министрі Александр Новак мұнайдың бір баррелі үшін 100 доллар болған бағасы таяу болашақта қайта оралмайтынына сенімді. Бұл туралы ол Мемлекеттік Думадағы үкімет сағатында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Росбалт.
«Әлемде мұнай қоры жеткілікті, саладағы өнімділік пен тиімділік өсті, «күрделі мұнай» үлесі артқан», - деп атап өтті А.Новак. Ол сондай-ақ мұнай өндірудің жалпы көлеміндегі өндірілуі күрделі мұнайдың үлесін арттыру мүмкіндігін шығармады.
«Қазір бұл 20 пайыз,10 жылдан кейін 50 пайыз болады», - деді министр. Жалпы алғанда, оның айтуынша, мұнайдың бүгінгі бағалары «нарық үшін қолайлы әрі қалыпты». «Мүмкін, ол сәл төмендеу болады. Өйткені жыл сайын пайда болып жатқан технологиялар мұнай бағасын арзандатып отыр», - деп қосып өтті Новак. Сонымен қатар энергетика министрі мұнай нарығының 2015 жылдың екінші жартысында немесе 2016 жылдың басында теңгерілімді қалыпқа келетінін болжады.