Мұнай баррелінің бағасы 110 доллардан асты
АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат - 17 наурыздың қорытындысы бойынша Лондон биржасында Brent мұнайының бағасы 4,30 долларға қымбаттап, 114,90 доллар/баррельге жетті.
Ал Нью-Йорк биржасында Light Sweet мұнайының ресми бағасы 3,44 долларға көтеріліп, 101,42 доллар/баррелді құрады, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Сарапшылардың пайымдауынша, мұнайдың бағасына Таяу Шығыстағы оқиғалар әсер етіп отыр. Ондағы жағдайдың ушығуы «қара алтынның» жеткізіліміне кедергілер келтіруі әбден ықтимал.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі, оппозиция басып алған қалаларды бомбылауға жол бермеу және бейбіт халықты аман алып қалу үшін, Ливияның үстінде ұшуға тыйым салынған аумақ құру туралы қарарды мақұлдағанын ҚазАқпарат бұған дейін хабарлаған болатын. Қабылданған қарарда Ливия авиациясы үшін елдің әуе кеңістігін жабу, жерүсті күштерінің қатысуынсыз әскери операциялау жасау және Муамар Каддафимен байланысы бар елдің орталық банкі мен Ливияның ұлттық мұнай компанияларының есепшоттарын жабу мүмкіндіктері қарастырылған. Қарардың авторлары - Ливан, Ұлыбритания, Франция және АҚШ. Қауіпсіздік кеңесінің 15 мүшесінің 10-ы қарарды қолдап дауыс берсе, бес ел қалыс қалды, олардың қатарында Ресей, Қытай, Германия бар.