Мұнай баррелінің бағасы 70-75 долларға жетуі керек - Біріккен Араб Әмірлігінің Президенті

АБУ-ДАБИ. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат – Мұнай баррелінің бағасы 70-75 доллар деңгейінде болуы керек, деп санайды Біріккен Араб Әмірлігінің президенті шейх Халифа бен Заид әл Нахайян.

Мұнай баррелінің бағасы 70-75 долларға жетуі керек -    Біріккен  Араб  Әмірлігінің  Президенті
ҚазАқпарат бұл туралы «РИА «Новости» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.Катардың «Әл-Отан» газетіне берген сұхбатында әмірлік басшысы, өткен жазда «тым аспандап кеткен» мұнай бағасының қазір қатты құлдырағаны сонша, кейбір мұнай өндіруші елдер өзінің өндірістік қуаттарын дамыта алмай отыр, деп мәлім етті. «Мұнай бағасының тым арзан болуы баршаға зиян деп санаймыз. Мұнай баррелінің әділ бағасы 70-75 доллардың шамасында болуы керек», -деді ол. Аймақ елдерінің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесіне тоқталған шейх Халифа, әмірлікте және басқа да елдерде ядролық энергетиканы дамытуды қолдады. «Егер бәрі бейбіт мақсатта болса, Иранның ядролық талпынысына ешкім қарсы болмайды», деп атап көрсеткен шейх Халифа бен Заид әл Нахайян, әмірліктің «аймақтағы бейбіт мақсатқа арналмаған ядролық бағдарламаларға ғана қарсы екенін» атап көрсетті.