Мұнай базалары мен МӨЗ есептеу құрылғыларын орнату кейінге шегеріледі

Бұл туралы Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды. Еске салайық, комитетте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру мен айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Айта кетейік, заң жобасы бұған дейін бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Сенатор Михаил Бортниктің айтуынша, екінші оқылымға әзірлеу барысында ұсынылған түзетулер мұнай өңдеу зауыттарында және мұнай базаларында есептеу және бақылау құрылғыларын енгізу мерзімін ауыстыру көзделіп отыр. Қолданыстағы заңға сәйкес, бұл құрылғыларды енгізу 2016 жылдың қаңтарынан деп көрсетілген болатын. Осыған байланысты, аталмыш мерзім мұнай базалары үшін 2018 жылдың 1 қаңтарына, ал мұнай өңдеу зауыттары үшін 2017 жылдың 1 қаңтарына белгіленіп отыр.
Тоқтала кететін жайт, бұған дейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұнай базалары мен зауыттарында есептегіш бақылау құрылғыларын орнатуды кейінге шегеру туралы мәселе көтерген болатын. Бизнес-қауымдастықтың пікірінше, есептегіш бақылау құрылғыларының жаңа жүйесіне көшу біршама уақыт пен қаржылық шығынды қажет етеді. Заңның бұл талабы мұнай базалары мен жанар-жағармай стансаларының өндірістік, қаржылық жағдайына кері әсер ететінін алға тартқан болатын.
Тұтастай алғанда, заң жобасы Қазақстанның мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және олардың айналымы саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мен құқық қолдану практикасында анықталған құқықтық олқылықтарды жоюды көздейді. Бұдан бөлек, мұнай жеткізушілерінің мұнай өңдеу зауыты аумағында аумағында резервуарлардан вагон-цистерналарға құю арқылы мұнай өнімдерін өткізуді жүзеге асыру құқығы бекітіледі. «Аталған шара Мемлекет басшысының бизнеске қатысты әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруды және шалғайдағы аудандар мен елді мекендерді мұнай өнімдерімен тұрақты жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді сенатор Михаил Бортник.
Заң жобасы алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысында екінші оқылымға шығарылатын болады.