Мұнай-газ алпауыттары 10 жылда ел бюджетіне қанша салық төледі

Мәжіліс республикалық бюджет туралы заңды қабылдады
Фото: Kazinform

Мұнай-газ алпауыттары – Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ кен орындарын игеріп жатқан компаниялар соңғы 10 жылда Қазақстан бюджетіне 30 трлн теңгеге жуық салық төледі, деп хабарлайды Kazinform.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған деректерге сәйкес, соңғы 10 жылдың ішінде «Теңіз» (Tengizchevroil), «Қарашығанақ» (Karachaganak Petroleum Operating B.V.), «Қашаған» (NCOC) кен орындарын игеріп жатқан ірі мұнай компаниялары еліміздің бюджетіне 29 трлн 967 млрд 728 млн теңге салық аударған. 

Бұл ретте мұнай өндіру көлеміне байланысты салық түсімдері өзгеріп отырады.

Мәселен, осы 10 жылдың ішіндегі түсімді салыстырсақ, ең үлкен сома 2022 жылға тиесілі болып отыр.

Яғни, өткен жылы 3 кен орнынан бюджетке 6 трлн 720 млрд 285 млн теңге, оның ішінде Теңіз кен орнынан 2 трлн 841 млрд 762 млн, Қашағаннан 196 млрд 056 млн, Қарашығанақтан 923 580 млн теңге салық түскен.

Биылғы 9 айдағы көрсеткіш те жаман емес. Салық мөлшері — 3 трлн 961 млрд 398 млн теңге.

Айта кетерлігі, Теңіз бен Қарашығанақтан салық түсімі мүлтіксіз орындалып келеді.

Ал Қашаған кен орнын игеріп жатқан компанияға 4 мәрте, нақтырақ айтқанда 2013, 2014, 2015 және 2017 жылдары қосылған құн салығын қайтару есебінен мемлекеттік бюджеттен жалпы сомасы 247 млрд 924 млн теңге қайтарылған.

Жалпы, соңғы 10 жылдың ішінде Tengizchevroil бюджетке 19 трлн 958 млрд 719 млн, NCOC 982 млрд 101 млн, Karachaganak Petroleum Operating B.V. 9 трлн 26 млрд 908 млн теңге салық аударған.

Соңғы жаңалықтар