Мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы заң жобасы әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы жаңа заң жобасының мақсаты – мұнай-газ химиясы саласын дамыту үшін ашық әрі тиімді құқықтық негіз қалыптастыру. Толығырақ Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтып берді.

— Энергетика министрлігі мүдделі тараптармен, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «KazEnergy» қауымдастығы, мұнай-газ-химия өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығымен, сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесіп «Мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы» заң жобасын әзірлеу қолға алынды, — деді Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында.
Заң жобасының мақсаты — мұнай-газ химиясы саласын дамыту үшін ашық әрі тиімді құқықтық негіз қалыптастыру. Заң жобасын мыналарды көздейді:
• кәсіпорындардың шикізат базасына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету;
• қажетті инфрақұрылымды дамыту;
• мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде қаржыландыру, субсидиялау және салықтық жеңілдіктерді қолдану.
— Бүгінде заң жобасының консультативтік құжаты заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелеріне келісуге жолданды. Аталған заң жобасының стратегиялық маңыздылығын және заң шығару жұмысының мерзімін сақтау қажеттігін ескере отырып, Әділет министрлігіне консультативтік құжаттың жобасын комиссияның жақын арада өтетін отырысына шығаруды және оны Үкіметтің 2025 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізуді тапсыруды сұраймын, — деп толықтырды министр.
Бұған дейін мұнай-газ саласын дамытудың жол картасы аясында 3,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылатыны туралы жазған едік.
Еске салайық, былтыр елімізде 2029 жылға дейін мұнай химиясы саласында құны $14,3 млрд болатын 5 ірі жоба іске асырылатыны айтылды.