«Мұнай-газ-химия өнеркәсібін дамыту» жол картасы бекітіледі

АСТАНА. KAZINFORM – «Мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы» заң әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

мұнай көлемі
Фото: :Midjourney

«Мұнай-газ-химия саласы жоғары мультипликативті әсер беретіні белгілі. Полимерлі шикізат жаңа өндірістерді дамыту үшін негіз болады. Осыған байланысты осы саланы дамыту бойынша жүйелі тәсілдер талап етіледі. Аталған міндетті шешу үшін министрлік осы жылдың маусым айында „Мұнай-газ-химия өнеркәсібін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған Жол картасын“ бекітетін болады. Онда шикізатпен қамтамасыз етуден бастап түпкілікті өнім шығаруға дейінгі іс-шаралар қамтылады. Сонымен қатар мұнай-газ-химия саласын ынталандыру және қолдау мақсатында „Мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы“ заң әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр», — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Министрдің дерегінше, осы жылдың 4 айының қорытындысында мұнай өңдеу көлемі 5,9 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,4 пайызды құрады. Мұнай өнімдерін өндіру 4,28 млн тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 94 пайыз болды.