Мұнай-газ саласын дамытудың жол картасы аясында 3,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған жол картасын әзірленді. Жол картасы туралы толығырақ Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтып берді.

Энергетика министрі
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту мұнай-газ секторын шикізат моделінен қосылған құны жоғары өнім өндіруге қайта бағдарлаудың басым бағыттарының бірі. Мұнай-газ химиясы саласын дамытуды Мемлекет басшысы ішкі нарық үшін де, экспорттау үшін де кең перспективалар ашатын стратегиялық басымдық ретінде бірнеше рет атап өтті. Бүгінде еліміз Еуразия өңіріндегі мұнай мен газды ірі өндірушілердің бірі, бірақ бұл біздің сала құрылымы шикізат болып қала береді. Біз әлі де upstream-ге, яғни барлау мен өндіруге бағытталғанбыз, — деді Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында.

Министрдің мәлімдеуінше, ауқымды ресурс пен инфрақұрылымға қарамастан, мұнайды өңдеу әлеуеті — әсіресе мұнай-газ химиясында ішінара ғана іске асырылды. Бұл бірқатар стратегиялық қиындықты тудырып отыр.

— Саланы дамыту үшін былтыр қазанда мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың 2024 — 2030 жылдарға арналған жол картасын әзірледі. Құжат 6 негізгі бағытты және саланы кешенді ынталандыруға бағытталған 34 іс-шараны қамтиды. Олардың ішінде жалпы құны шамамен $15 млрд болатын 6 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобаларды іске асыру шамамен 3,5 мың тұрақты жұмыс орнын және құрылыс кезеңінде 16 мыңнан астам уақытша жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, — дейді ведомство басшысы.

Былтыр елімізде 2029 жылға дейін мұнай химиясы саласында құны $14,3 млрд болатын 5 ірі жоба іске асырылатыны туралы хабарлаған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар