Мұнай-газ саласын дамытудың ұзақмерзімді тұжырымдамасын қабылдау қажет - парламенттік тыңдау

«Қазақстанның мұнай-газ саласы туралы айтар болсақ, мұнай-газ саласын дамытудың ұзақ мерзімді тұжырымдамасының жоқ екені, сондай-ақ 2014-2018 жылдарға арналған мұнай-газ саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарының «Нұрлы жол» бағдарламасынан бұрын қабылданғандықтан онда көптеген ауқымды мақсаттар мен міндеттер ескерілмей қалғаны назар аударарлық мәселе. Сонымен қатар, отандық мұнайсервистік компаниялардың өз деңгейінде дамымай отырғаны, заңнамада анық көрініп тұрған олқылықтардың болуы, ал оның ірі мұнай өндіруші компанияларға қазақстандық қамту жөніндегі өздерінің келісімшарт міндеттемелерін формальды түрде орындауына мүмкіндік беретіні алаңдатып отыр»,-деп тоқталды депутат.
Осыған байланысты ол мұнай-газ саласын дамытудың ұзақмерзімді тұжырымдамасын қабылдау қажет екенін қадап айтты.
«Сол тұжырымдамада Ұлт жоспары 100 нақты қадамының 74-ші және 75 ші қадамдарындағы пайдалы қазбалар қоры жөнінде есеп берудің CRIRSCO халықаралық стандарттар жүйесін енгізу арқылы жер қойнауларын пайдалану саласының мөлдірлігі мен болжамдығын арттыру және пайдалы қазбалардың барлық түрлері үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, келісімдер жасаудың оңтайландырылған әдісін енгізу ерекше назарға алыну керек»,-деді Ш. Өтемісов.
Оның сөзінше, мұнай-газ саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды қайта қарап, оны іске асыру кезеңін «Нұрлы жол» бағдарламасының мерзімдеріне, мақсаттары мен міндеттеріне және үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығына сәйкес келтіру абзал міндет болып табылады.
«Екіншіден, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, сервистік кластерлерді белсенді қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуына қол жеткізу қажет. Сол сияқты қосылған құны жоғары мұнай-химиялық өнімдердің әр түрін алу үшін мұнайды терең қайта өңдейтін кәсіпорындар құру мүмкіндігін қарастыру керек»,-деді ол.