Мұнай-газ саласындағы ірі тендерлер отандық кәсіпорындарға неге бұйырмайды - Бозымбаевтың жауабы

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай-газ саласындағы ірі тендерлер туралы айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Мәселен, бүгінде Теңіз кен орнын кеңейту жобасы бойынша ауқымды шаралар атқарылуда. Қазірдің өзінде онда Қазақстанның 46 мың азаматы жұмыс істеп жатыр. Қызмет көрсетуге 250 қазақстандық компания атсалысуда. Аталған көрсеткіш 1 мыңнан асады деген болжам бар. Енді, ірі жобаларды, көбінесе, шетелдік компаниялар алып жатады. Бірақ министрлік оларды бақылап отырады. Бірақ, бір шетелдік компанияның тапсырыстарын ондаған отандық компания орындайды. Электрика керек пе, оны ауыстырып береді. Металдыконструкция қажет пе, оны да жасайды», - деді Қ.Бозымбаев Астанада өткен қоғамдық кеңестің отырысында.

Министрдің айтуынша, қазақстандық компаниялар бас мердігер ретінде ірі тапсырыстарды ала алмайды. Себебі кепілдік ақша, я болмаса, айналымдағы қаржының көлемі жетпей жатады.

«Бас мердігер болу үшін айналымда біраз ақша болуы қажет. Өйткені жобалар үлкен, шағын деген жобаның өзі 500 миллион АҚШ доллары, 3 миллиард, 5 миллиард...Сөйтіп, жетпей жатады... Дегенмен, отандық компаниялар бірлескен кәсіпорындарды немесе консорциумдарды құрып, тәжірибе жинақтап жүр. Әрбір келісімшартқа қосалқы мердігер ретінде кіреді. Негізі, осы салада бұрыннан бері істеп жүрген компаниялар ғана емес, басқалар да жұмыс істеуге кірісті. Мәселен, үй салып жүрген «BI Group», «Құлагер» сияқты бар. Ашығын айту керек, Теңіз сияқты жобаға отандық тауарларды көптеп жеткізе алмаймыз. Ол жерде мұнай өндіру оңай емес. Сол себепті, арнайы құрал-жабдықтар қажет. Сондықтан тауарлар бойынша 10-15 проценттің өзі жақсы көрсеткіш. Дегенмен, жұмыс пен қызмет көрсету бойынша 70 проценттік межеге жетуге әбден болады. Бүгінде біз әрбір келісімшартта осындай көрсеткішті сақтауға тырысамыз», - деп атап көрсетті ведомство басшысы.

Айта кетейік, қоғамдық кеңес отырысында министр мұнай өндіруге қатысты биылғы жоспарларды атады. Сондай-ақ Қ.Бозымбаев отандық бензинді экспорттау мәселесі туралы айтып берді.
null

Соңғы жаңалықтар