Мұнай-газ саласының белгілі маманы өмірден озды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 14 шілде күні 76 жасқа қараған шағында мұнай-газ саласының білгір маманы, тәуелсіз Қазақстанның газ өнеркәсібін  өркендетуге ерекше еңбек сіңірген іскер ұйымдастырушы, экономика ғылымының докторы Есет Рауатұлы Әзербаев өмірден озды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Е.Р.Әзербаев 1942 жылдың 14 қаңтарында Башқұртстанның Федоровка ауданына қарасты Раевка ауылында колхозшының отбасында жарық дүниеге көрінген. Есет Рауатұлы атамекеннен алыста өмірге келгенімен, Әзербаевтар әулетінің атақонысы Батыс Қазақстан облысына қарасты Тайпақ өңірі болып табылады.

1959 жылы орта мектепті тәмамдаған Е.Әзербаев 1959-1964 жылдары Уфа мұнай институтында оқып, «Газ құбырын, газ қоймалары мен мұнай базаларын жобалау және пайдалану» бағыты бойынша инженер-механик мамандығын алып шығады. Есет Рауатұлы еселі еңбегі арқасында КСРО және Қазақстан Республикасына кеңінен танылды. Ол әр жылдары «Бұқара - Орал», «Орта Азия - Орталық», «Орынбор - Батыс шекара» мұнай-газ құбырларының тартылуына және іске қосылуына тікелей атсалысты. Газ қорын игеру, газ құбырын тарту және газ тасымалдау ісін теориялық әрі практикалық тұрғыдан терең меңгерген Е.Әзербаевтың «Закаспийсктрансгаз», «Саратовтрансгаз» және «Югтрансгаз» өндірістік бірлестіктерінде басшылық қызметтерде болған жылдары оның білім-білігін жетілдіріп, тәжірибесін молайтып, кәсіби шеберлігін шыңдай түсті. Міне, Есет Рауатұлының осындай қадір-қасиеттері оның 1987-1989 жылдары Ливия мұнайгаз құбыры басқармасының бас директоры ретінде екі жылдан аса абыройлы қызмет істеуіне жетеледі. Орал облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, ҚазКСР Министрлер кабинетіне қарасты «Қазақгазпром» мемлекеттік концерні басқармасының төрағасы лауазымдарында да Е. Әзербаевтың іскерлік және ұйымдастырушылық қарым-қабілеті жарқырай көрінді. Ал еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан кейін «Қазақгаз» мемлекеттік холдинг компаниясының президенті ретінде ол Қарашығанақ мұнайгазконденсаты кен орнын игеру, осы мақсатта шетелдерден инвестиция тарту және еліміздің өзге өңірлері мен Батыс Қазақстан облысының аудан-ауылдарын газдандыру сықылды іргелі іс, ауқымды шаруаға ерен еңбек сіңіріп, өлшеусіз үлес қосты.

КСРО мен Қазақстан Республикасының мұнайгаз саласын өркендетуге сіңірген еңбегі үшін Е. Әзербаев Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет», «КСРО газ өндірісі министрлігінің озаты», «Ерен еңбегі үшін» секілді орден-медальдармен марапатталды. Ал оның мұнай мен газ сықылды жер асты байлығын экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, экономикалық жағынан тиімді игеруді арқау еткен ғылыми-көпшілік, ғылыми-техникалық мазмұндағы көптеген мақала-материалдары отандық және халықаралық мамандандырылған журналдар мен жинақтарда жарық көрді. 

Соңғы жаңалықтар