Мұнай-газ және көмір-химия салаларындағы жобаларға түрік компаниялары атсалысады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия жаңартылатын энергия көздері секторына да қызығушылық танытып отыр. Бұл жөнінде ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов мәлімдеді.

кен орындары
Фото: primeminister.kz

— Еліміз өңдеу экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан мақсатымыз — шикізатты емес, өңделген өнімді экспорттау. Осы бағытта мұнай-газ саласында құны 15 миллиард долларлық жаңа жобалар жүзеге асып жатыр. Оларға түрік компанияларын да шақырып жатырмыз, — деді ол.

Сонымен бірге, Жаркешовтың айтуынша, Қазақстан үшін көмір-химия секторы да — маңызды бағыт. Өйткені, елімізде 33,6 млн тонна қор бар.

— Бұл салаға үмітіміз зор. Энергетика министрлігі көмір-химия бағытына үлкен назар аударып отыр. Көмірден көптеген өнім жасалады. Сондықтан түркиялық Çalık Holding деген үлкен компания бізбен серіктестікке қызығушылық танытып отыр, — деді ол.

Одан бөлек, жаңартылатын энергия көздері саласына да Түркияның қызығушылығы зор. Вице-министрдің сөзінше, жыл сайын өткізілетін аукционға аталған мемлекет те шақырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Түркия еліміздің ауыл шаруашылығына 400 млн доллар инвестиция құйғанын жазғанбыз.