Мұнай келісімшарттарының шартын ашу қажет – «Байтақ» партиясы төрағасының жаңа орынбасары

АСТАНА. KAZINFORM – «Байтақ» партиясы төрағасының орынбасары қызметіне кіріскен Олег Пак жаңа лауазымда қандай мәселелермен айналысатындығын айтты. Олардың қатарында мұнай өндіруші компаниялармен жасалған келісімшарттардың шартын ашу, көмір химиясын, АЭС төңірегіндегі инфрақұрылымдарды дамыту бар.

«Байтақ» партиясы төрағасының орынбасары
Фото: Kazinform

Оның атап өтуінше, қазірдің өзінде партия көмір химиясы саласындағы жобаларды дамытып жатыр. Бұл саланың әлеуеті 15 млрд долларды құрайды және 20 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«Біз көмірді электр энергиясы мен жылу алу үшін бүгінгідей жақпауды, керісіне оны терең өңдеуді ұсынамыз. Көмірден полимерлер, тыңайтқыштар сияқты 500-ден астам өнім алуға болады», - деді ол.

Сонымен қатар ол партия төрағасының орынбасары ретінде жұмысының басты бағыттарының бірі мұнай келісімшарттарының шартын ашуға бағытталатындығын айтады. Оның пайымынша, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындары бойынша басалған келісімшарттарды қайта қарастыру қажет. Сонымен қатар аталған кеніштерде өндірілетін шикізатты экспортқа шығарғаннан гөрі терең өңдеу өте орынды.

«Атом электр стансасын салып қана қоймай, оның айналасында қажетті инфрақұрылымды құру үшін құрылысшыға ұлттық талабымызды қалыптастыруымыз керек», - деді ол.

Бұған дейін «Парасат» кәсіпкерлер альянсы» қауымдастығы Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясына қосылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар