«Парасат» кәсіпкерлер альянсы «Байтақ» жасылдар партиясымен бірікті

Парасат-Байтақ
Фото: facebook.com/baytaqpartiyasy/ facebook.com/Alliance Parasat

АСТАНА. KAZINFORM – «Парасат» кәсіпкерлер альянсы» қауымдастығы Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясына қосылды.

«Президент соңғы Жолдауында бизнесті қорғау қажеттігін айтты. Расында да бүгінде бизнеске экономикалық, саяси бағытта үлкен қолдау қажет. Өйткені, кәсіпкер тәуекелге барып, қаражат бөлу арқылы үлкен жобаларды жүзеге асыру арқылы салық төлейді, жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етеді. Мемлекетіміз нарықтық экономикада өмір сүріп жатыр. Демек, нарықтық экономиканың негізгі көрсеткіші – кәсіпкерлік. Кәсіпкерлер кәсіпкерлікпен айналысқанда еш нәрседен қорықпай жұмыс істеуі тиіс. Ал ол үшін қоғамдық мықты лоббишілер болуы тиіс. Сондықтан «Байтақ» жасылдар партиясы «Парасат» кәсіпкерлер альянсы» қауымдастығымен қосылып, кәсіпкерлікті қолдау үшін үлкен бағыт ашып жатыр», - деді «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай.

Оның атап өтуінше, «Парасат» кәсіпкерлер альянсы» қауымдастығының басқарма төрағасы Олег Пак «Байтақ» партиясы төрағасының орынбасары болады. Ол партияның бизнес қоғамдастықпен өзара іс-қимыл мәселелеріне жетекшілік етеді.

«Байтақ» - саяси партия. Бағытымыз – қоршаған ортаны қорғау, жасыл экомика. Саяси партия ретінде сайлауларға қатысып, үміткерлер дайындаймыз, сайлау штабтарын құрамыз. Ал сайлау болмаған кезде қоршаған ортаны қорғау, жасыл экономиканы көтеру бағытындағы экономикалық саясатпен айналысамыз. Ал жасыл экономиканы дамыту үшін бізге сенім артатын кәсіпкерлер, инвесторлар керек. «Парасат» кәсіпкерлер альянсы» қауымдастығы партиямызға жаңа мүшелер әкеледі. Келесі жылы аудан және облыстық ауқымдағы қалалардың әкімдерін сайлау өтеді. Аталған сайлауға қатысу үшін үміткерлеріміз болуы керек. Кәсіпкерлер арасынан ісін, жұмысын білетін үміткерлерді тартуымыз қажет. Ертең ол әкім болғанда партиямызды сөзге қалдырмай, мемлекетке пайдасын әкелетін үміткер болуы тиіс», - деді Азаматхан Әміртай.

Оның дерегінше, бүгінде партияның қатарында 102 мың мүше бар. Соңғы уақытта Кентау мен Теміртау қаласында филалдары ашылды.

Соңғы жаңалықтар
telegram