Мұнай компаниялары Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың отбасына көмек беруден бас тартты – Абзал Құспан

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің ірі мұнай-газ компаниялары Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың отбасына көмек беруден бас тартты. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы Абзал Құспан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірдегі кейбір құқық қорғау органдарының басшыларының Президенттің Қаңтар оқиғасын объективті түрде тергеу туралы тапсырмасын орындамау, тіпті сабатаж жасау фактілерін әшкереледік. Орталық және өңірлік мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарымен байланыс орнатып, бірлесе қызмет атқардық. Оларға өз ұсыныстарымызды ұдайы беріп отырдық. Қаңтар оқиғасы кезінде арандатушылардың жетегімен қылмыстық әрекеттерге барған азаматтарымызға рақымшылық қолдану туралы Президентке ұсыныс бердік. Осы заңның қабылдануына мұрындық болдық. Қазіргі таңда осы заңның орындалуына да атсалысудамыз. Рақымшылық заңының арқасында қылмысқа тартылған мыңдаған адамның басым бөлігі жауапкершілікпен босатылды немесе жеңілдіктерге ие болады. Жалпы, нақты бір оқиғаға байланысты, біздің жағдайда Қаңтар оқиғасына қатысты бірреттік рақымшылық алғаш рет қолданылғанын атап өткім келеді», - деді Абзал Құспан.

Адвокаттың айтуынша, Қаңтар оқиғасында 238 адам мерт болса, оның 148-і – Алматы қаласының тұрғындары. Осыған байланысты комиссия Алматы қалалық прокуратурасымен бірге қылмыстық істердің әділ тергелуі, қаза тапқан азаматтарға қатысты заңды процестік шешім қабылдануы, олардың отбасыларына материалдық-әлеуметтік, тіпті психологиялық көмек ұйымдастыру бағытында жұмыс атқарды.

«Алматы қаласында қаза тапқан азаматтардың туыстарына материалдық-әлеуметтік көмек көрсету мәселелері негізінен қалалық прокуратураның ұйымдастыруымен мемлекетті органдар тарапынан ішінара шешімін тапқанын да баса айтқым келеді. Атап айтқанда, олардың кредиттері Қаржылық мониторинг агенттігінің араласуымен банктер тарапынан кешіріліп, балаларын балабақшаға орналастыру, мектепке дайындау, қажетті медициналық көмек ұйымдастыру, тіпті пәтерақыларын төлеу сияқты тұрмыстық мәселелер қамтылды. Өкінішке орай, комиссия өз қызметі барысында кейбір әттеген-ай дегізетін жағдайлардың да куәсі болды. Атап айтқанда, алаңда қаза тақан азаматтарымыздың артында қалған көптеген жас отбасы пәтерақы мен азық-түлік бағасының күрт қымбаттауы салдарынан қиын материалдық жағдайға тап болған еді. Осыған байланысты комиссиядан материалдық көмек сұрап келушілер саны да аз болған жоқ. Сол себепті комиссия еліміздің мұнай-газ саласындағы ірі компанияларына хат жолдап, онда комиссия арқылы немесе тікелей мұқтаж жандарға көмек беру туралы өтінішімізді білдірген болатынбыз. Өкініштісі сол, бірде-бір компания өз келісімін бермеді. Тіпті, «Қазақстан халқын қолдау қоры» да Қаңтар оқиғасы бойынша тек мемлекеттік органдармен жұмыс жасайтын ыңғай танытты. Яғни, бұдан шығатын қорытынды, Президенттің «кәсіпкерлердің төмен әлеуметтік жауапкершілігі туралы» айтқан сынның қаншалықты орынды екенін байқауға болады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар
telegram