Мұнай компанияларымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын көздейтін ынтымақтастық меморандумына қол қойылды -Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 22-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік- – Қызылордада жергілікті биліктің осындағы мұнай компанияларымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын көздейтін дәстүрлі ынтымақтастық меморандумына қол қойылды,

Мұнай компанияларымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын көздейтін ынтымақтастық меморандумына қол қойылды  -Қызылорда
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қол қоюшылар арасында облыс әкімі Болатбек Қуандықов, "ПетроҚазақстан Құмкөл ресорсиз" АҚ вице-президенті Фан Цзячжун, "СНПС Айдан Мұнай" АҚ президенті Лю Цзиньчэн, "Қуатамлонмұнай" ЖШС бас директоры Карбони Рикардо Атилио, "Саутс ойл" ЖШС вице-президенті Серік Мырзабеков және "Қор" мұнай компаниясы" АҚ бас директоры Марат Нұрпейісов болды. Осы құжат арқылы өңірдегі ірі мұнай компанияларының басшылары жұмыс орындарын сақтап қалуды, жалақыны төмендетпеуді, мердігер, қосымша мердігер мекемелерге беретін тапсырыс көлемін азайтпауды міндеттеріне алды. Бүгінде мұнай компанияларына қызмет көрсететін осындай ірілі-ұсақты кәсіпорындарда 20 мыңдай жергілікті азамат жұмыс істейді. Мұның бәрі Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды іске асырудың алғышарттарын құрайды. "Қара алтынның" әлемдік нарықтағы құны құлдырап, 3-4 есеге дейін төмендеген кезде мұнай өндіруші компаниялар әлеуметтік жауапкершілік талаптарына түсіністікпен қарап отыр. Облыс әкімі компания басшыларына білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және коммуналдық салалардың дамуына үлес қосып келе жатқаны үшін алғыс білдірді. Жыл сайын демеушілер көмегімен 3 мың оқушыға демалыс лагерьлеріне жолдама беріліп, үздік түлектерге гранттар тағайындалады. Бұқаралық спортты дамыту бағытында қадау-қадау тірліктер атқарылып, ауыр атлет Илья Ильиннің, "Қайсар" футбол командасының, "Сейхұн-КАМ" гандбол клубының табыстарына сүбелі үлес қосылды. Екіжақты келісімде тараптардың мүдделері бірдей ескерілген. Облыс әкімдігі өз кезегінде мұнай өндірушілердің жергілікті жерде толыққанды жұмыс істеуіне қолдау көрсететін болады. Қазіргідей қаржы дағдарысы бүйірден қысқан уақытта меморандум талаптарын орындау оңай емес. Әзірге 5 мұнай компаниясы келіссөз үстеліне отырды. Алда "Торғай Петролеум" АҚ мен "Қазгермұнай" БК-мен жемісті келісім орнамақ.