Елмізде мұнай мен газ өндіру көлемі артып, көмір қазу көлемі азайған

экономика министрі
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында мұнай мен газ өндіру көлемі артқанын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі .

«Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,2% өсті. Көрсеткіштің өсуі 12 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсуді Қызылорда, Қостанай, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде машина жасау өндірісінің 27%, оның ішінде автомобиль жасау саласы – 42%, электр жабдықтарын жасау – 31% өсті. Бұл ретте газ өндіру – 9,7%, мұнай өндіру – 9,3%, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 14% артты», - деді ол.

Оның сөзінше, металл кендерін өндіру – 1,1%, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 2,3%, көмір өндіру – 5,5% төмендеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5% ұлғайды.

Қаңтар-қазанда 13,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 14%-ке жуық жоғары.

Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 8,6% төмендеді. Көрсеткіштің төмендеуі дәнді дақылдарды жинау көлемінің азаюынан орын алды.

«Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 5 өңірде – Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды», - деді Әлібек Қуантыров.

Соңғы жаңалықтар