Мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы саласында анықталған қылмыс 5 есеге артты - Қаржы полициясы
АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы саласында анықталған қылмыс 5 есеге артты. Бұл туралы ведомство басшысы Рашид Түсіпбековтің мәліметіне сілтеме жасап ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі баспасөз қызметінен хабарлады.
Оның атап өтуінше, «көлеңкелі» экономика саласында 6 мыңға жуық қылмыс тіркелген. Мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы саласында да анықталған қылмыстардың саны 5 есеге артып отыр. Ал қолма-қол ақшаға аударумен айналысатын компанияларға қарсы жүргізілетін жұмысты жандандыру қолма-қол ақшаға ауыстырылған қаражат көлемін 11 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ Р.Түсіпбеков ақша қаражаттарын қолма-қол ақшаға аударумен айналысатындарға қатысты қозғалған қылмыстық істерді аяғына дейін жеткізуді, сонымен қатар заң аясында жұмыс істейтін бизнес субъектілерінің құқықтарын негізсіз шектеуге жол бермеуді талап етті. Ведомствоның ақпаратына қарағанда, шағын және орта бизнеске қолсұғушылыққа жол бермеу бойынша жүйелі жұмыстың нәтижесінде қаржы полициясының бастамасымен жүргізілетін кәсіпкерлерді тексерулердің саны соңғы 2 жылда 5 есеге қысқартылды. «Бұл шаралар көлеңкелі айналымның деңгейін іс жүзінде төмендетіп, бюджетке түсімдердің көбеюіне мүмкіндік берді» - деді агенттік басшысы.