Мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM — Мұнай өңдеу саласын дамытудың 2024-2050 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Бұл туралы Энергетика министрлігінен мәлім етті.

Атырау мұнай өңдеу зауыты
Фото: primeminister.kz

Тұжырымдама ағымдағы ахуалды талдауды, саланы дамытудың халықаралық тәжірибесі мен пайымын шолуды қамтиды. Негізгі бағыттар бойынша өңірлік және әлемдік сын-қатерлерді ескере отырып, 2024-2050 жылдар кезеңінде Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу саласын орнықты дамыту жөніндегі негізгі тәсілдер мен қағидаттар мен нысаналы индикаторларды айқындайды:

1. Экономиканы отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету.

2. Отандық мұнай өнімдерінің экспорты.

3. ESG.

4. Қолданбалы ғылым мен базалық мұнай-химияны дамыту.

5. Елдің ЖІӨ-не салымы өсуі.

«Тұжырымдаманың түпкі мақсаты — тұрақты және озық даму арқасында қазақстандық мұнай өңдеу зауыттардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету. Инвестициялар тарту және ресурстарды шоғырландыру қазіргі өңірлік және жаһандық сын-қатерлерге есебінен жауап ретінде саналады», — деп атап өтеді ведомстводан.