«Мұнай өңдеу зауыттары жабыла ма?»- БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 23 сәуір, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Мұнай өңдеу зауыттары жабыла ма?»- БАҚ-қа шолу

***

Қазақ - той десе ішкен асын жерге қоятын, бәрін ұмытатын халық. Жаз айында той тіпті көбейіп кетеді. Ал енді көктемде тойға жиналған 57 адамның бірдей астан уланып қалғаны көпшілікті үрейлендіріп тастады. Тойға жиналғандардың неден уланып қалғаны әзірше белгісіз. Қазір санитарлық-эпидемиологиялық қызмет түрлері оны анықтау үстінде. 57 адам қазір ауруханаға түс­кен. Өскемен қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық басқарма бастығы Михаил Дерявиннің айтуынша, зардап шеккендер сақталу мерзімі 20 сағаттан асып кеткен сапасыз тағамнан улануы мүмкін. Тойға келгендер ертеңінде салат пен арақты алып, көкке шыққан. Соған қарағанда, арақтың да кінәсі бар ма деген ойға қаласыз. Бірақ уланғандардың дені арақты ауызға алмайтындар. Бұл материал «Егемен Қазақстан» басылымында «Өскеменде 57 адам уланып қалды» деген тақырыппен берілген.

«Өткен жұмада, яғни 19 сәуірде кешке таман Құрманғазы ауданындағы Ақкөлдеу теліміне ұшақ тектес ұшу аппараты құлады. Мұны осы аудандағы Балқұдық ауылының тұрғындары көрген. Осы ауылдың тұрғыны, Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты Мансұр Қуанышәлиевтің айтуынша, аппарат құлаған телім аумағында оның баласы қой бағып жүрген. Сонымен бірге, Балқұдық ауылының жастары да осы телімнің аумағына қызғалдақ теруге шыққан. Ұшқышсыз басқарылатын аппарат құлағанда қою түтін мен шаң көтерілген. Осының бәріне куә болғандар Мансұр Қуанышәлиевке осылай айтып келген»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Ұшу аппараты құлады» атты ақпаратта. «Мұндай оқиға біздің ауданда әр кез болып тұрады. Бұл бізге таңсық емес. Ақкөлдеуге құлаған ұшаққа ұқсас аппараттың соңынан Ресейдегі Ашулук әскери полигоны жағынан тікұшақ ұшып келген. Ол жерге қонбай, құлаған аппараттың үстінен айналып жүріп, кері ұшып кеткен. Мұның бәріне менің балам да, өзге ауылдастарым да куә болғанын айтып келді. Мұндай оқиға енді қайталанбағанын қалаймыз. Себебі, Ақкөлдеу телімінде мал бағып отырған ауылдастарымыз бар. Соларға зардабы тие ме деп алаңдаймыз», - дейді аудандық мәслихат депутаты Мансұр Қуанышәлиев.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, Қазақстандағы 3 мұнай зауыты жабылуы ғажап емес. Өйткені олар заман талабына сай өнім бере алмауда екен. Кеше «Үкімет сағаты» аясында Парламент алдында есеп беруге келген Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев Үкіметтің қиын таңдау алдында тұрғандығын ашық айтты. Тағы бір жаңалық: Бірыңғай экономикалық кеңістік бойынша «одақтасымыз» Ресей, жыл басынан бері «Еуро-3» стандартына көшіпті. Егер Қазақстан соның соңынан ілессе, елімізде АИ-92 маркалы бензин түбегейлі жоғалады! Министрдің айтуынша, сонда енді халыққа қиын таңдау қойылады. Бұл жайында толығырақ «Мұнай өңдеу зауыттары жабыла ма?» деген тақырыппен берілген мақалада жазылған.

«Қазіргі ақпараттың заманында компьютер өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Ал осы компьютерлердің төрттен үшеуі пираттық бағдарламалармен жабдықталғанын біреу білсе, біреу білмес. Яғни, қазақстандық ІТ нарықтың 76 пайызын қарақшылық жолмен өндірілген өнімдер құрайды»,-деп жазады «Айқын» басылымы «Қарақшылыққа қарсы күрес» атты мақалада.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинге Сычуань провинциясында болған зілзалаға байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы зілзала салдарынан көп­те­ген жанның құрбан болып, мыңдаған адамның зардап шеккені туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын атап өткен. «Осындай сын сағатта Қазақстан халқы аты­нан және жеке өз тарапымнан жойқын таби­ғат апатынан қаза тапқандардың туыс-туған­дарына, сондай-ақ бүкіл Қытай халқына ауыр қай­ғыларына ортақтасып, көңіл айтамын», -делінген жеделхатта.