Мұнай өндірісі қысқарғанымен аймақ тұрақты дамып келеді - Қырымбек Көшербаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев соңғы 6 жылда мұнай өндіру көлемінің 10-12%-ға қысқарғанына қарамастан, аймақтың тұрақты даму үстінде екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Соңғы 6 жыл ішінде жалпы алғанда 4,5 млн. тонна өнімді жоғалттық. Бұл дегеніміз - инвестиция, жұмыс орындары және бизнес. Тек ағымдағы жылдың өзінде алдын ала болжам бойынша 600 мың тоннадан астам мұнай жетіспеушілігі байқалды. Бірақ, өңірде қолға алынған жүйелі шаралардың нәтижесінде 2017 жылдың қорытындысы бойынша соңғы 4 жылда бірінші рет ЖІӨ бойынша оң векторға, яғни 100,8% шықтық. Мұнай мен уран өндіру көлемінің жыл сайынғы төмендеуіне қарамастан, бұл жоспар биыл да орындалады», - деді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, соңғы 3 жылда өнеркәсіп капиталына салынған инвестиция көлемі 2 есеге артқан, сондай-ақ, жұмыспен қамтылғандар саны 55%-ды құраса, еңбек өнімділігі 18%-ға өскен.
Облыс әкімі мәлім еткендей өңірді дамытудағы негізгі міндет - шикізаттық емес секторды дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру.
Бұған дейін хабарлағынымыздай, биыл Қызылорда облысының Шиелі ауданында еліміз бойынша тұңғыш тампонажды цемент зауыты пайдалануға беріліп, ол 260-тан астам адамды жұмыспен қамтиды.
Сонымен қатар, 2019 жылы тұзды қайта өңдеу және кальцийленген сода өндіру зауыттарының құрылысын салу жоспарлануда.
«Экономикадағы оң үрдістер 2 жыл бойы жұмыссыздық деңгейін 4,8% шегінде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Бұл бүгінде республика бойынша орта есеппен салыстырғанда біршама төмен. Осы жылдар ішінде экономикалық қиындықтарға қарамастан, біз қызметкерлерді кәсіпорындардан жаппай қысқартпаудан бөлек, соңғы 6 жылда 68 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға қол жеткіздік», - деді әкім.
Бұған дейін облыс әкімі өңірде жұмыссыздық деңгейінің 3 есеге дейін азайдығын айтып өткен болатын.