Мұнай өндіру деңгейі туралы келісімге қатысты алып-сатарлықтың салдарынан қара алтын арзандауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні мұнай бағасы арзандайды, себебі инвесторлар ОПЕК-ке мүше-елдер және ұйымға кірмейтін елдер арасында өндіріс деңгейін тоқтату жөніндегі келісімге қол жеткізу үшін Стамбулда өткен бейресми кездесулердің маңыздылығына шүбә келтіре бастады, деп жазды РИА Новости.

Мұнай өндіру деңгейі туралы келісімге қатысты алып-сатарлықтың салдарынан қара алтын арзандауда

Агенттіктің хабарлауынша, Мәскеу уақытымен таңғы 06.57-де Brent мұнайының желтоқсан айына жеткізу фьючерстерінің бағасы 0,85% - 51,49 долларға дейін төмендеді. WTI маркалы мұнай фьючерстерінің құны 0,88% - барреліне 49,37 долларға дейін түсті.

28 қыркүйек күні Алжирдегі бейресми кездесуде ОПЕК мұнай өндірісін тәулігіне 32,5-33 миллион баррельге дейін шектеуді мақұлдады. Алайда, нақты лимиттер бойынша ұйымның әрбір еліне арналған шарт әзірге жоқ. Соңғы шешім 30 қараша күні Венада өтетін ОПЕК-тің ресми кездесуінде қабылдануы тиіс. Ұйым бірқатар мұнай өндіруші елдердің, соның ішінде Ресейдің нарығын тұрақтандыру жөніндегі шараларға қосылуды күтеді.

9-13 қазан күндері Стамбулда Бүкіләлемдік энергетикалық конгресс өтеді. Форумға қатысушы елдер жеке кездесу және келіссөздер барысында мұнай бағасы жөніндегі мәселелерді талқылайды деп күтілуде. Осыған байланысты, бірнеше сарапшы нарықтағы жағдай елеулі түрде айқындалады деп болжауда.