Мұнай өндіруші компанияларға салық салу оңтайландырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың наурыз айының соңына дейін мұнай өндіруші компанияларға салық салуды оңтайландыру шаралары қабылданады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Михаил Бортник мәлім етті.
«Қазіргі уақытта Үкіметтің экономикалық блогымен бірлесіп, негізгі мұнайөндіруші компаниялардың қаржылық жай-күйлеріне сараптама жүргізілуде. Наурыз айының соңына дейін мұнай өндіру көлемін сақтау және әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін салық салуды оңтайландыру, ағымдық инвестициялық шығыстарды қысқарту шаралары қабылданатын болады», - деді сенатор.
М.Бортниктің айтуынша, 2015 жылғы болжам бойынша, 80,5 млн. тонна мұнай өндіріліп, оның 14,3 млн. тоннасы өңделеді. Ал экспортқа 60 млн. тонна мұнай шығарылады. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғалы бергі уақытта мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі үш еседен астамға өсіп, 1991 жылғы 25 млн. тоннадан 2014 жылы 80,8 млн. тоннаға жетті», - деді ол.