Мұнай өндіру төмендесе де экономика 4,2 пайыз өсті - Жұманғарин
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 9 айдың қорытындысында экономиканың өсуі 4,2 пайызды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
- Биыл экономика бірқатар тежеуші фактор жағдайында дамып келеді. Біріншіден, бұл - мұнай өндірісінің азаюы және мұнай секторының жалпы ішкі өнімнің өсуіне теріс үлесі. 9 айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру 8,3%-ға қысқарып, 69,4 млн тоннаны құрады. Екіншіден, теңгенің нығаюы экспортқа бағдарланған салалар мен бюджет кірістеріне тежегіш әсер етіп жатыр. Үшіншіден, тұтынушылық кредиттеу өсуінің баяулауы тұтынушылық сұранысты тежеді, - деді ол.
Вице-премьер мәліметінше, жылдық мәнде тұтынушылық кредиттердің өсуі 2025 жылғы тамыздағы 26,4%-дан биылғы тамызда 10,4%-ға дейін төмендеді.
- Аталған факторларға қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастыруда және оң динамиканы көрсетіп отыр. Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,2%-ды құрады. Экономиканың өсуі шикізатқа қатысты емес сектор есебінен қамтамасыз етілді, ол бағалау бойынша 5,4%-ға өсті. Салалар арасында құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері және сауда ең жоғары қарқын көрсетіп отыр. Осы салалардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосқан жиынтық үлесі 75%-дан асады. Ауыл шаруашылығы мен байланыс қызметтерінде де оң динамика сақталды. Көрсеткіштердің динамикасы экономика құрылымының біртіндеп өзгеріп жатқанын көрсетеді. Экономиканы кезең-кезеңімен әртараптандырудың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім құрылымындағы мұнай өндіру үлесі 7,8%-ға дейін қысқарды. Биыл бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің үлесі 14,1%-ға дейін ұлғайды, ал тау-кен өндіру өнеркәсібінің үлесі 12,4%-ды құрады, - деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, 13 қазанда әлемдік мұнай бағасы түсті.