Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің айналымын реттеу тетігі заң жүзінде бекітіледі

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі мұнай өнімдерінің айналымын реттеу тетігі заң жүзінде бекітіледі.

Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің айналымын реттеу тетігі заң жүзінде бекітіледі

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті.

«Елбасы республиканың мұнай-газ саласына, оның ішінде мемлекетті мұнай өнімдерімен қамтамсыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлетіні белгілі. Соған орай, Президент жүктеген тапсырманы орындау мақсатында ҚР Үкіметі «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және оның айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасын әзірлеген болатын. Қолданыстағы заң 2003 жылы қабылданып еді. Одан бері біраз уақыт өтті, нарықтық жағдай да өзгерді әрі кейінгі енгізілген бірқатар түзетулерге қарамастан онда көптеген олқылықтар бар болып шықты», - деді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев. Оның айтуынша, 2004 жылдан бері сыртқы нарықтың әсер етуінен және бағаны мемлекеттік реттеудің тиімді тетігі болмағандықтан мұнай өнімдерінің бағасы бірден көтеріліп кетуіне себеп болып отырған еді. «Біз қазіргі уақытта да ішкі нарықта тұтынатын 13 млн. тонна мұнайдың 6,5 млн. тоннасын Ресейден импорттап отырмыз. Сонымен қатар, жоғары октандық бензин мен әуе керосинінің 20 пайызынан астамын да импорттаймыз. Бірақ, өңдеу қуаттарын өсіру қажеттілігімен қатар, Үкімет алдына қойылған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін мұнай өнімдерінің нарығын реттеудің басты тетігіне өтуді қарастыратын жаңа заң қажет деген тұжырымға келген едік», - дейді министр. Бұл ретте С. Мыңбаев жаңа заң жобасында ұсынылған тетіктің 2009 жылдан бері қолданылып келе жатқанын атап өтті. Бұл тәжірибе жүзінде өзінің тиімділігін көрсетті. «Атап айтсақ, 2009 жылдан бері мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін республика аймақтарына жеткізу біршама тұрақтанды. Одан бұрын аймақтарда орын алған бағалардың 30-40 пайыздық айырмашылығы жойылды. Бағалардың динамикасы әрине, құбылмалы болды. Дегенмен, аяқ астынан өзгеретін сипаттамасы болған емес. Алайда, қазіргі таңда бұл тетіктің заңнамалық қамтамсыздығы болмай, тек келісімшарттық негізде жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, бұл тетіктің заң жобасы арқылы жойылатын кемшіліктері де баршылық», - деді С. Мыңбаев.