Мұнай өнімдерінің айналымын цифрлық бақылау кеңейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстанда мұнай мен мұнай өнімдерінің ұңғымадан бастап автожанармай құю станциясына дейінгі қозғалысын бірыңғай цифрлық есепке алу жүйесін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 Мұнай өнімдерінің айналымын цифрлық бақылау кеңейтіледі
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Digital Qazaqstan стратегиясы аясында энергетикалық ресурстар қозғалысын цифрлық бақылаумен қамту көрсеткішін 2026 жылы 20%-ға, 2027 жылы 60%-ға, ал 2028 жылы 80%-ға жеткізу көзделген.

Осы міндеттерді іске асыру аясында Энергетика министрлігі Құрылтай депутаты Бекжан Әлімқұловпен бірлесіп, жанар-жағармай материалдарын өткізу нысандарына барып, олардың жұмысымен танысты.

Іс-шараға Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс, Қазақстанның отын қауымдастығының және «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ өкілдері қатысты.

Автожанармай құю станциясы мен мұнай базасына бару барысында қатысушылар мұнай өнімдерін өлшеу және есепке алудың қолданыстағы жүйелерімен, сондай-ақ оларды қабылдау, сақтау және босату үдерістерімен танысты.

Есепке алу деректерінің дұрыстығын қамтамасыз ету, оларды автоматты түрде беру, ақпараттық жүйелерді интеграциялау және мұнай өнімдерінің айналымын цифрлық бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек, «ҚазМұнайГаз» алаңында Қаржы министрлігінің өкілдері мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаевтың қатысуымен мұнай өнімдерінің айналымын мониторингтеу мен талдауға арналған цифрлық құралдардың мүмкіндіктері көрсетілді.

Мұнай мен мұнай өнімдерінің ұңғымадан бастап автожанармай құю станциясына дейінгі барлық кезеңдегі қозғалысын бірыңғай цифрлық есепке алу жүйесі арқылы бақылау есептік деректердің өзара сәйкестігін қамтамасыз етуге, алшақтықтарды уақтылы анықтауға, ресурстардың жоғалуын азайтуға және олардың айналымының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Энергетика министрлігі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және отын-энергетика кешенінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мұнай өнімдерін есепке алу мен бақылаудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру, салалық ақпараттық жүйелерді интеграциялау және заманауи аналитикалық құралдарды енгізу бойынша жұмысты жалғастырады.

Қазақстан мұнай өндірісін арттыру үшін Қытай тәжірибесін пайдаланатыны туралы жаздық.