«Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ сенімділік рейтингінің «А» деңгейіне көтерілді - «Эксперт Қазақстан РА»
АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - «Эксперт Қазақстан РА» рейтинг агенттігі «Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ сақтандыру компаниясының сенімділік рейтингін «А» деңгейіне, яғни «сенімділіктің жоғары деңгейіне» белгіледі.
Бұл туралы рейтинг агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Агенттіктің бағалауынша, «Мұнай сақтандыру компаниясының» рейтингіне оң ықпал еткен басты факторлар - сақтандырудың негізгі түрлері бойынша шығынның төменгі көрсеткіші, сақтандыру портфелінің сараланған құрылымы болып отыр. Бұдан бөлек, компанияның ағымдағы өтемпаздығының коэффиценті де жоғары мәнге ие, ірі төлемдер жасау тәжірибелерін де жүзеге асырып келеді (мүлікті сақтандыру жөніндегі төлемдерінің ірі сомасы 193,3 млн. теңгені құраған), инвестициялық протфелі де сараланған.
«Компания кең ауқымды және сенімді клиенттік базаға ие. 2011 жылғы келісімшарттардың жаңару деңгейі 73,8 пайызды құрады», - деп атап өтеді «Эксперт Қазақстан РА» бас директорының орынбасары Арман Жахин.
Оның айтуынша, компанияның оң факторларына орнықты сақтандыру портфелін, өңірлік нарықтардағы қызмет тиімділігінің жоғарылығын, қайта сақтандыру қорғанысының біркелкі саралануы мен инвестициялық портфелінің тұрақтылығын жатқызуға болады.
Ал сақтандыру компаниясы сенімділігінің рейтингтік бағалануын тежеуге әсер ететін факторларға сақтандыру төлемдер-неттосының ең жоғары мүмкіндік мөлшері әсер етіп отыр (2010 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жеке қаражаттарының 44,7 пайызына тең). Сонымен бірге, тежегіш факторларға іс жүргізу шығыстарындағы үлестің жоғарылығы (2010 жылы 61,7 пайыз, 2011 жылдың 9 айында 54,8 пайыз), жеке қаражаты жеткіліктілігінің төменгі деңгейі (2010 жылға 49,5 пайыз), активтер рентабельділігі мен инвестицияланған капитал көрсеткішінің жоғарыламауы әсер етіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, «Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ - әмбебап сақтандырушы. 2011 жылдың 9 айындағы қорытынды бойынша, Қаржы нарығын қадағалау комитетінің мәліметінше, компания барлық қазақстандық компаниялар арасында жинақталған жиынтық сақтандыру сыйақыларының мөлшері жағынан 5-орынды иеленді. Сонымен қатар, 2010 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, компания активтері 9,4 млрд. теңгені құрап отыр, оның ішінде жеке капитал - 3,4 млрд. теңге, жарғылық капитал - 1,5 млрд. теңге, ал былтырғы жылдың 9 айындағы сақтандыру салымдары - 7,3 млрд. теңгені құраған.