Мұнай секторындағы қиындықтар 2027 жылы да жалғасуы мүмкін — ХВҚ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның мұнай секторындағы өсім қарқыны 2027 жылы төмен деңгейде сақталады. Бұл туралы Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Қазақстандағы миссиясының басшысы Амина Лареш Астанада өткен баспасөз мәжілісінде мәлім етті.

мұнай
Фото: freepik.com

Оның айтуынша, 2026 жылы мұнай саласында туындаған кедергілердің салдары келесі жылы да сезілмек.

— Біз биыл мұнай секторында туындаған қиындықтарды ескердік. Олардың салдары 2027 жылы да сезіледі. Сондықтан келесі жылы мұнай секторы экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші бола алмайды деп болжап отырмыз, — деді Амина Лареш.

Спикер Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалуы мүмкін жаңа шабуылдардың ықтимал салдарына да тоқталды. Оның сөзінше, мұнай тасымалына әсер ететін қиындықтар Үкіметтің мұнайдан алатын кірісін азайтып, бюджет тапшылығына әсер етуі мүмкін. Дегенмен ХВҚ мұндай тәуекелдерді негізгі экономикалық болжамына енгізбеген.

ХВҚ болжамына сәйкес, 2027 жылы Қазақстан экономикасы негізінен мұнайдан тыс салалардың есебінен өседі.

— 2026 жылы мұнай секторында болған үзілістердің салдары келесі жылы да сақталады. Себебі осы жағдайларға байланысты мұнай саласындағы кейбір жұмыстар кейінге қалдырылды. Сондықтан 2027 жылы мұнай секторындағы өсім өте төмен болады деп болжап отырмыз, — деді Амина Лареш.

Еске салайық, бұған дейін ХВҚ Қазақстандағы салық түсімдеріне баға берген еді.