Мұнай тапшылығы, бағаның кезекті өсуі әлем экономикасына тағы қауіп төндіріп келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Әлемдік мұнай қоры жылдам азайып барады, ал нарық мұнай бағасының жаңа қымбаттау кезеңімен бетпе-бет келуі мүмкін. Парсы шығанағы өңірінен мұнай жеткізу көлемінің жиынтық шығыны қазірдің өзінде 1 млрд баррельден асты, деп хабарлайды Euronews.
Халықаралық энергетикалық агенттік Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімдегі іркілістер мұнай нарығындағы тапшылықты сақтап отырғанын және бағаның күрт құбылу қаупін күшейтіп жатқанын ескертті.
Агенттіктің мәліметінше, Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы он аптадан астам уақыт өткен соң әлемдік мұнай қоры рекордтық қарқынмен азайып жатыр. Наурыз айында қор 129 млн баррельге қысқарса, сәуірде АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққылары және Парсы шығанағы елдерінен мұнай экспортындағы кейінгі іркілістер аясында тағы 117 млн баррельге төмендеген.
Ең үлкен төмендеу ЭЫДҰ елдерінде тіркелді. Бұл мемлекеттерде жерүсті қорлары 146 млн баррельге азайған. Ал ЭЫДҰ құрамына кірмейтін елдердегі көрінетін қор көлемі тағы 24 млн баррельге қысқарған.
ХЭА мәліметінше, Парсы шығанағы өңірінен мұнай жеткізудің жиынтық шығыны 1 млрд баррельден асып кеткен. Агенттік бағалауынша, Ормуз бұғазындағы шектеулер салдарынан тәулігіне 14 млн баррельден астам мұнай өңірден сыртқа шығарылмай отыр. Агенттік бұл жағдайды «ұсынысқа жасалған бұрын-соңды болмаған соққы» деп атады.
АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал келісімге қатысты белгісіздік жағдайында мұнай нарығы өте тұрақсыз күйде қалып отыр. North Sea Dated эталондық мұнайының бағасы бір кезеңде барреліне 144 долларға дейін көтеріліп, кейін 100 доллардан төмен түскен. Алайда содан кейін қайта өсе бастаған.
Дағдарыс салдарын жұмсарту үшін Сауд Арабиясы мен БАӘ мұнай экспортының бір бөлігін Ормуз бұғазынан тыс балама бағыттар арқылы жөнелте бастады. Сонымен қатар АҚШ пен Атлант бассейніндегі өзге өндірушілер Азияға мұнай жеткізуді ұлғайтқан.
ХЭА болжамынша, жыбиыл әлемдік мұнай сұранысы тәулігіне 420 мың баррельге төмендеп, күніне 104 млн баррель деңгейінде болады. Бұл Иран төңірегіндегі қақтығыстың ушығуына дейінгі болжамдардан айтарлықтай төмен.
Агенттік мамандары Ормуз бұғазы арқылы транзит біртіндеп қалпына келе бастаса, жылдың екінші жартысында сұраныс қайта өсуі мүмкін деп санайды. Алайда мұндай жағдайда да әлемдік нарықтағы мұнай тапшылығы кем дегенде жыл соңына дейін сақталуы ықтимал.
Айта кетейік, бұған дейін Goldman Sachs банкі қолда бар әлемдік мұнай қорының небәрі үш айға ғана жететінін жариялады.