Мұнай тасымалдауға қатысты нақты мәліметтерге түсініктеме берілмейді – Теңізшевройл
АТЫРАУ. KAZINFORM – «Теңіз» кен орнынан өндірілген шикі мұнайды Каспий құбыр консорциумының құбыры арқылы экспорттау үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Екі күн бұрын консорциумның «Кропоткинская» мұнай айдау стансасы дрон шабуылына ұшырады.
«Транснефть» компаниясының баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасап, шабуыл салдары 1,5-2 ай ішінде жойылатынын айтты. Сондай-ақ бұл Қазақстаннан айдалатын мұнай көлемінің шамамен 30%-ға қысқаруына әкелетінін мәлімдеді.
Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнынан алынған мұнай Каспий құбыр консорциумы иелік ететін «Теңіз-Новороссийск» құбырымен тасымалданады. Мәселенің мән-жайын сұрап «Теңіз» кенішін игеріп жатқан «Теңізшевройл» компаниясына хабарластық.
– Компания саясатына сәйкес «Теңізшевройл» (ТШО) мұнай тасымалдауға қатысты нақты мәліметтерге түсініктеме бермейді. Шикі мұнай өндіру және Каспий құбыр консорциумының (КҚК) құбыры арқылы экспорттау үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, ТШО өзінің ағымдағы немесе болашақтағы өндіріс деңгейінің нақты деректеріне түсініктеме бермейді, - деп жауап берді компанияның баспасөз қызметі.
Айта кетсек, ҚР Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай айдауда шектеу жоқтығын мәлім етті.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумының мұнай айдау стансасына жасалған дрон шабуылына қатысты түсінік берді.