Мұнай және газ министрлігі мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға шектеуді ұзарту мүмкіндігін қарастырмайды

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Мұнай және газ министрлігі мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға шектеуді ұзарту мүмкіндігін қарастырмайды.

Мұнай және газ министрлігі мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға шектеуді ұзарту мүмкіндігін қарастырмайды

Бұл туралы бүгін аталған ведомствоның вице-министрі Ләззат Қиынов мәлім етті.

ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық және өңірлік саясат комитетінде «БР, ҚР мен РФ мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын үйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырғаннан кейін БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген ол министрліктің мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға шектеуді ұзарту мүмкіндігін қарастырмайтындығын айтты. «Біз одан әрі жаба алмаймыз. Өйткені одан әрі Кедендік одақ жұмыс істейді. Әзірше біздің жапқымыз келмейді», - деді.

Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылы 29 мамырдан 1 шілдеге дейін бензин, керосин, газойлды экспорттауға шектеу қойылған болатын. Бұл шара Шымкент мұнай өңдеу зауытына қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуге байланысты орын алған еді. 2010 жылы 30 қазанда Үкімет жеңіл дистиллят пен өнімдерді, керосин мен гаойлды сыртқа шығаруға шектеу қоятын қаулы қабылдады. Аталған шектеу ағымдағы жылдың мамырына дейін қолданыста болады.