Мұнайдан кейінгі дәуір: Креативті индустрия Қазақстан экономикасын қалай құтқарады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда креативті индустрия қарқын алды. Кейінгі жылдары музыкада Q-pop жанры пайда болды, интернет ресурстарда қазақтілді цифрлық контент көбейді, отандық нарықта IT стартап пен қолөнер шеберлерінің саны артты. Тіпті әлемге танымал Джеки Чанның Маңғыстау өңірінде фильм түсіруге кіріскенін көрдік. Мұның бәрі креативті индустрияға қалай әсер етеді, өнер арқылы экономиканы көтеру мүмкін бе? Kazinform тілшісі тақырыпты талдап көрді.
Креативті секторға не жатады?
Салалық түсініктемеде креативті индустрияны шығармашылық пен зияткерлік еңбек ретінде сипаттайды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұстанымы да осыған шамалас: қазір кино, музыка, дизайн, сәулет, анимация, сән, жарнама, медиа, компьютерлік ойындар, тіпті қолөнер секілді 50-ге жуық сала осы бағытқа енген. Демек, креативті индустрия — шығармашылық әлеуетті коммерциялық құндылыққа айналдырып, мәдениет пен бизнесті, инновация мен кәсіпкерлікті ұштастыратын экожүйе.
Бүгінде Қазақстанның креативті экономика саласында шамамен 46,5 мың кәсіпкер бар. Олар 160 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Индустрияға кино, анимация, геймдевелопмент, цифрлық өнер, сән, дизайн және халықтық қолөнер секілді салалар орасан үлес қоса бастады.
Жаһан елдері креативті индустрияны өздерінің экономикалық және мәдени ерекшеліктеріне қарай дамытып келеді. Мысалы, АҚШ-та кино өндірісі, Кремний алқабындағы технологиялық экожүйе және музыка индустриясы жетекші орынға ие. Оңтүстік Корея K-pop мәдениеті, кино және ойын әзірлеу салалары арқылы әлемдік нарықта танылды. Қытай онлайн-платформалар, анимация және электронды коммерция бағытында көш бастап келеді. Ал Франция сән индустриясы және кинематография арқылы танымал.
Жасыратыны жоқ, аталған барлық сала дербес өнер, жеке коммерциялық бағыт ретінде танылып келді. Алайда қазір интеллект пен өнерді қажет ететін бұл бағыттарды тұтас блок түрінде қабылдау белең алды. Өз кезегінде мұндай жіктеу стратегиялық-экономикалық жоспар құруды жеңілдетті.
Сарапшылардың бағалауынша, әлемдік креативті индустрия нарығының көлемі — 104,2 миллиард доллар, ал шығармашылық сектордың жалпы капиталдандырылуы 3 триллион долларға жуық. Қазіргі таңда креативті экономика әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 3 пайызын қамтамасыз етсе, Еуропада көрсеткіш 4,4 пайызға жетеді. 50 миллионнан астам адам шығармашылық салада еңбек етіп жүр. Сондықтан креативті индустрия жаһандық экономиканың маңызды драйверлерінің біріне айналды деуге толық негіз бар.
«FinikS» компаниясының негізін қалаушы Сымбат Сағидоллаева креативті индустрияның тағы бір маңызды тұсын атады. Оның сөзінше, саланы экономикадан бөлек, «жұмсақ күш» (soft power) ретінде пайдалануға болады, яғни креатив әлемдік ықпал мен мәдениет экспортына жол ашады деген ойда.
— Креативті индустрияның бағыты көп. Соның бірі — өнер саласы. Мысалы, Димаш Құдайбергенді алып қарайық. Өткен жылы Дубайда болдым. Сол кезде көбі Қазақстаннан келгенімізді білгесін бізді Димашпен байланыстырды. Әлем елдері бір-бірін өнер арқылы, мәдениет арқылы, идея арқылы таниды, яғни мәдениет пен өнер — креативті индустрияның маңызды бөлігі деген сөз. Сондықтан креативті экономиканы табыс көзі ретінде ғана емес, ықпал ету құралы ретінде де пайдалануға болады, — дейді сарапшы.
Сұраныс vs табыс
Бұл ұғым бұрыннан қолданылғанымен, Қазақстанда кейінгі жылдары ғана экономикалық бағыт ретінде қарастырыла бастады. Биыл заңнамалық тұрғыда алғашқы қадам жасалып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев креативті индустрияны қолдауға бағытталған заңға қол қойды. Қазір осы заңдардың әсері айқын сезіліп отыр:
· министрліктер мен жергілікті әкімдіктер креативті индустрияны дамытуға арналған бағдарламалар әзірлеп жатыр;
· Креативті индустрияны дамыту қоры құрылды;
· 20 өңірде креативті хаб жұмыс істейді;
· Креативті индустрияға жататын 43 экономикалық қызмет түрі арнайы онлайн-платформаға енгізілді.
Ең маңыздысы, Үкімет 2029 жылға қарай креативті индустрияның ЖІӨ-дегі үлесін 2 пайызға, жұмыспен қамтылғандар санын 180 мың адамға жеткізуді жоспарлап отыр.
Бұл межені орындау қаншалықты мүмкін, ішкі нарықтағы сұраныс көлемін алдын ала бағамдауға бола ма? Міне, осы сұрақ сарапшылардың пікірін екіге жарады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, креативті сектордың бәсекеге қабілеті жоғары әрі салаға қаржы құюға құлықты инвесторлардың да қатары артып келеді. Мысалы, 2025 жылы шығармашылық, өнер және ойын-сауық саласына салынған инвестиция 30%-ға өскен. Биыл да ауқымды жобалар бастау алып, шетелдік инвесторлар салаға қызығушылық танытып отыр.
Екінші себеп — мемлекеттік қолдау. Қазір креативті қызметтің 40-тан астам түрі ресми реестрге енгізілген. Мемлекет осы тізімдегі қызметті жасайтын сала кәсіпкерлеріне арнайы салық режимін белгіледі. Енді бұл саладағы бизнес субъектілері корпоративтік табыс салығынан, жеке табыс салығынан және қосылған құн салығынан толық босатылып, орнына жеңілдетілген біртұтас салық төлейді: жеке кәсіпкерлер үшін — 2–4%, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін — 8%. Бұл таза табысты арттырып, креаторлардың көлеңкелі экономикадан шығуына жол ашпақ.
Идея экспорты
Креативті индустрияның өнімі де шикізат секілді: сұраныс пен өндірісте баланс болуы шарт. Себебі қанша жерден креативті индустрия өкілдерін көбейткенімізбен, елдің сатып алу қабілеті артпаса, жасалған еңбектің бәрі бекер. Қарапайым тілмен айтсақ, халықтың тұрақты концертке баруға, сәнді киім сатып алуға қаржысы болуы тиіс.
Экономист Қажыкелді Шамбылдың сөзінше, креативті индустрия макроэкономика және халықтың әлеуметтік дамуымен қатар жүруі керек.
— Креативті индустрия саласы төлем қабілеті жоғары нарықта жақсы дамиды. Мысалы, Америкада экономиканың өзге салаларының өркендеуі нәтижесінде орта тап жақсы қалыптасып, креативті индустрияда мол мүмкіндіктерге жол ашты… Қазіргі таңда аталған сала Люксембург, Бельгия, Дания, Норвегия, Швеция, Швейцария елдерінде қанат жайып келеді. Оларда адам саны аз, нарығы шағын болса да, халықтың әлеуметтік жағдайы өте жоғары, — дейді экономист.
«Жайдарман» жастар қозғалысының атқарушы директоры Жанасыл Болатбектің сөзінше, Қазақстандағы креативті индустрияны құтқарудың жалғыз жолы — әлемдік нарық.
— Креативті экономиканың мақсаты — табыс әкелу. Оны екіге бөлуге болады: ішкі нарық және сыртқы нарық. Ішкі нарықтағы табыс көлемі аз, сыртқы нарыққа шыққан кезде ғана ауқымды табысқа кенелуге жол ашылады. Байқасаңыз, интернет платформаларға салынған музыкалық өнімді сыртқы аудитория қараса, төленетін қаламақы жоғары болады. Сондықтан қазақтілді нарықтағы сұраныс саланы алға жылжытуға, өміршең етуге жеткіліксіз. Мемлекет креативті индустрия өкілдерінің әлемдік аренаға шығуына басымдық беруі шарт, — дейді ол.
Сымбат Сағидоллаева да шығармашылық өнімді экспортауды дұрыс деп санайды. Себебі Орталық Азия нарығы шағын, ал әлемде креаторларға сұраныс жоғары. Инвестиция да ірі нарыққа арналған жобаларға салынады. Алайда басымдық шығармашылық өнімге емес, идеяға берілгені пайдалы.
— Креативті индустрия бірнеше кезеңнен өтеді: идея - тұтыну - өнім - коммерция. Осының ішінде идея маңызды. Креативті идея бір салаға ғана емес, бірнеше бағытқа әсер етуі керек. Мысалы, сән саласын алайық. Ол жерде сән агенттігі, өнеркәсіп, жарнама тоғысып жатыр. Бір идея шықса, ол барлық бағытқа ықпал ете алады. Сол себепті мемлекет бір реттік табыс әкелетін идеяға емес, салаларға ықпал ететін мультипликативті идеяға басымдық бергені жөн. Ал әлемдік нарыққа шығу үшін экожүйе мен инфрақұрылым қажет, — дейді спикер.
Әлемдік тәжірибе мен білім
Идея экспорты қазақстандық креаторларға жат емес. Әсіресе цифрлық сервистер, анимация, музыка индустриясы, кино өндірісі, компьютерлік ойындарды әзірлеу және IT-да идея экспорты бұрыннан бар. Бұған отандық Higgsfield AI стартапы мысал бола алады. Қазір жобаның нарықтық құны - 1 миллиард доллар. Әлемнің ірі технологиялық компаниялары, соның ішінде Meta да қызығушылық танытып, жобаны сатып алу жолын қарастырған болатын.
Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған креативті индустрияны дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Құжатты дайындау барысында 18 елдің тәжірибесі жан-жақты зерттелген. Мысалы, 1998 жылы Ұлыбритания алғаш шығармашылық секторға жататын бағыттарды айқындауды бастаған болатын. 2000 жылы Қытай «Шығармашылық индустрия» тұжырымдамасын қабылдаса, 2013 жылы Оңтүстік Корея «Креативті экономика қаласы» атты онлайн-платформаны іске қосты. Кейінгі жылдары Түркия телесериалдар экспорты бойынша әлемдегі жетекші елге айналса, Польшадағы зияткерлік меншік иелеріне салық жеңілдіктері дамыған.
Креативті индустрия Қазақстан экономикасының 5–10 пайызына дейін үлес қоса алатын әлеуетке ие. Алайда ол үшін шығармашылық қабілет пен кәсіпкерлік дағдыны ұштастыратын білім беру жүйесін дамыту маңызды. Мамандардың пікірінше, мектеп қабырғасынан бастап дизайн, медиасауат, цифрлық технологиялар және креативті ойлау негіздерін оқыту көп көмек береді. Себебі креативті экономика адамның біліміне, идеясына, зияткерлік әлеуетіне тәуелді.