Мұнайды көлеңкелі жолмен саудаға салу әрекеттері өткен жылғыдан 88 пайызға көп болып отыр - қаржы полициясы

 АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ағымдағы жылдың 9  айында қаржы полициясы органдары мұнай өнімдерін көлеңкелі жолмен саудаға салу әрекеттері бойынша 167 қылмыстық іс қозғаған.
None
None

Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіштен 88 пайызға көп болып отыр.  Бұл туралы бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай журналистермен болған апталық брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның  деректеріне қарағанда, қозғалған істердің 95-і сот органдарына жолданған. Ал жанар-жағармайды заңсыз саудаға салудан түскен  кіріс 72 миллиард 22 миллион теңге болған. «Тергеу амалдары мұндай қылмыстардың көбіне мұнай өнімдерін саудалау мен сақтау жұмыстарымен айналысатын кәсіпкерлік саласында көп болатындығын анықтады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында М.Зуфаров атты жеке кәсіпкер 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол «Нәби ата» жанармай құю стансысында лицензиясыз жанармай сақтаумен және оны сатумен айналысқан. Заңсыз әрекеттен түскен қаржы 24,5 миллион теңгені құрады», деді ресми өкіл.

 Оның мәліметтері бойынша, оңтүстік өңірде осы тектес қылмыс жасап, 60 миллион 900 мың теңге пайда тапқан А.Камалов атты кәсіпкерге ірі көлемде айыппұл салынған.

Соңғы жаңалықтар