Мұнайдың бір баррельге шаққандағы құны 69 доллардан төмен түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондондағы электрондық саудада мұнай бағасының төмендеуі байқалды. Бір сағаттың ішінде Brent маркілі мұнайдың бір баррелінің құны шамамен 2 долларға төмендеді, деп хабарлады РБК.
Мұнай баррелінің бағасы 68 доллар 28 центке құлаған соң түзетулер жүргізіліп, нәтижесінде Brent мұнайының құны 60 центке көтерілді. Әрі қарай көрсеткіш 68 доллар 70 цент маңайында тұрақтады. Бұл 2010 жылдың мамырынан бергі ең төменгі көрсеткіш болып есептеледі.
Осындай жағдай Нью-Йоркте де байқалуда. Онда техастық Light Sweet-тің бір баррельге шаққандағы құны 65 доллардан кеміді.
Bloomberg-ге берген сұхбатында сиднейлік консалтингтік CMC Markets фирмасының сарапшысы Майкл Маккарти болжағандай, ОПЕК-тің мұнай өндірудің бүгінгі қарқынын сақтап қалу шешімі нарыққа әсер етуде. Оның пікірінше, нарыққа түсетін қысым алдағы күндері жалғасатын болады.
Өткен бейсенбі күні Венада ОПЕК саммиті өтті. Онда картель елдері мұнайды өндірудің бұрынғы - тәулігіне шамамен 30 млн баррель деңгейін сақтап қалуға келісті. Бұл шешімнен кейін Brent мұнайының бағасы бір баррель үшін $72 төмендеді. Жұма күні «қара алтын» арзандай түсті: Лондондық ICE биржасында 2015 жылы жеткізілетін Brent маркілі мұнай бір баррелі $70-дан төмендеп, баррелінің құны $69,81 болды.