Мұнайдың бір баррелінің құны 200 долларға дейін жетуі мүмкін - министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мұнайдың бір баррелінің құны 200 долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бүгін Мәжілісте тілшілер министрден мұнай бағасы қандай деңгейге дейін қымбаттауы мүмкін екенін сұрады.

«Барлығы геосаяси ахуалға байланысты. Бір баррельдің құны 200 долларға дейін жетуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Кезінде Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Александр Новак мұнайдың баррелінің құны 350 доллар болуы мүмкін екенін айтқан еді. Бұл салада түрлі сценарийлер бар», - деді Б. Ақшолақов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан 87,5 млн тонна мұнай өндіреді, оның ішінде ішкі қажеттілік - 18 млн тонна.

«Мұнайдың елеулі бөлігі экспортқа шығады. Сондықтан мұнайды қымбат бағаға өткізуден ұтарымыз анық», - деді министр.

Айта кетейік, Энергетика министрі Каспий құбыр консорциумы бойынша жөндеу жұмыстары әзірге басталмағанын айтты.

Еске салсақ, наурыз айының соңында Қара теңіздегі дауылдың салдарынан Каспий құбыр консорциумының құбыр жүйесіне зақым келді.

Бұл Қазақстанның мұнай өндіру көлемі қысқаруына алып келуі мүмкін екені айтылды.

Кейін ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Каспий құбыр консорциумындағы жағдайды баяндады.


Соңғы жаңалықтар