Мұнайға экспорттық кедендік баж салығының деңгейі мамырда қарастырылуы мүмкін - Д. Ерғожин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мұнайға экспорттық кедендік баж салығының деңгейі мамырда қарастырылуы ықтимал. Бұл туралы бүгін Астанада салықтық және кедендік әкімшілеуді жетілдіруге арналған «дөңгелек үстелде» ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер бойынша комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті.

Мұнайға экспорттық кедендік баж салығының деңгейі мамырда қарастырылуы мүмкін - Д. Ерғожин

«Шынымен де қазіргі кезде мұнай бағасы құбылмалы, яғни апта сайын өзгеруде. Бірде төмендесе, бірде көтеріліп жатыр. Сондықтан да біржақты шешім жасап, қазір ставканы нөлдеу туралы айту ертерек. Осы орайда бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша алдағы бірнеше айда ары қарай жылжудың бағдарын зерделеу керек»,-деді комитет басшысы.

Оның айтуынша, түзетулер жазға қарай орын алуы мүмкін, яғни бұл тұрғыда жылдың соңына дейін болжам жасауға болады.

«Осы орайда шамамен мамырда болжам жасап, ставкалардың мөлшері туралы сөз қозғауға болады. Ал қазіргі кезде (мұнайға экспорттық кедендік баж салығын төмендету) ертерек, себебі қысқы кезеңде мұнайды тұтыну сұранысы жақсы деңгейде. Жазғы пайдалану деңгейі негізінен төмендейді. Сондықтан да түзетулерді мамырда қарастыруымыз ықтимал»,-деді Ерғожин.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Қазақстанда мұнайдың бір тоннасына экспорттық баж салығы 80 доллардан 60 долларға төмендетілді.