Мұнайгаз компаниялары 700 млрд. теңгеден астам сомаға қазақстандық тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алды

Бұл туралы бүгін елордада келісім міндеттерін орындау мәселелері бойынша мұнайгаз секторының кен орындарын пайдаланушылармен өткен кеңейтілген жиын барысында Мұнай және газ министрлігінің жауапты хатшысы Қанатбек Сафинов мәлім етті.
Оның атап өтуінше, мұнайгаз саласының қазақстандық өндірушілерден сатып алулары ағымдағы жылдың 9 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге, нақты айтқанда 300 млрд. теңгеден 734 млрд. теңгеге дейін өскен. «Бұл айтарлықтай ілгерілеушілік», - деді ол.
Ал Келісімшарт агенттігінің директоры Жан Нұрбековтің атап өтуінше, 9 айдың қорытындысы бойынша мұнайгаз компанияларының сатып алуларындағы қазақстандық қамту тауарларда 106, жұмыстарда 35, қызметтерде 73,1 пайызды құраған.
Қ.Сафиновтың төрағалығымен өткен қазақстандық қамтуды дамыту мәселесіне арналған жиынға 300-ден астам өкіл қатысты. Олардың қатарында 140 мұнайгаз компаниясының басшылары, қазақстандық өндіріс орындарының өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері болды.